Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымы жарты жылда $79 млн құрады

Қазақстан мен Венгрия арасындағы сауда көлемі ағымдағы жылғы 7 айда $79 млн-ға жетті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев қазақстандық-венгерлік бизнес-форум барысында хабарлады.

Министр бүгінде Қазақстанда венгерлік капиталдың қатысуымен 29 компания және 41 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Соңғы 10 жылда Венгрия отандық экономикаға $226 млн, 2021 жылғы 6 айда – $14,6 млн инвестиция салған.

«Біз Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, Қазақстандық-венгерлік стратегиялық кеңес отырыстары шеңберінде табысты жұмыс істеудеміз. Бұл екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытудың тиімді алаңы», – деді Ә.Ерғалиев.

Министр Қазақстандағы ағымдағы экономикалық жағдай туралы баяндады. 2021 жылғы 9 айдағы ЖІӨ өсуі – 3,4%. Әсет Ерғалиев сонымен қатар елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары туралы хабарлады. Биыл қолдаудың жаңа құралы – Инвестициялар туралы келісім заңды түрде енгізілді. Онда инвесторды дербес қолдау шарасы ұсынылған. Сонымен қатар эпидемиологиялық ахуалы қолайлы және вакцинациялау деңгейі жоғары 30 елмен визасыз режім қалпына келтірілді.

Салықтық ынталандыруларға келсек, басым саладағы инвесторлар корпоративтік табыс және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылды. 13 арнайы экономикалық аймақ пен 23 индустриялық аймақ қатысушыларына жеңілдік пакеті ұсынылған. Рұқсат беру рәсімі жеңілдетіліп, қажетті инфрақұрылым қарастырылды.

Елге инвестиция салуды қауіпсіз ету үшін Нұр-Сұлтан қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеуде. Шанхай қор биржасы және NASDAQ-пен бірлесіп, АХҚО биржасы іске қосылды. Орталықтың аумағында нөлдік мөлшерлемемен қолайлы корпоративтік және жеке табыс салығы режімі, сондай-ақ оңайлатылған визалық режім қолданылады.

Сонымен қатар, венгерлік әріптестерге 180 млн-нан астам халқы бар ЕАЭО елдері нарығын көздей отырып, Қазақстанда жоғары технологиялық бірлескен кәсіпорындар құру ұсынылды.

«Венгрия – Қазақстанның Шығыс Еуропадағы негізгі әріптесінің бірі. Екі ел арасында ауқымды нормативтік-құқықтық база құрылып, орнықты сауда-экономикалық байланыс жолға қойылған. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру біздің экономикалық ынтымақтастығымыздың іргетасын нығайтып, келешектегі қарым-қатынасымызды бұдан да жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді министр.