Еуразиялық даму банкі қазақстандық жобаларды қаржыландырмақ

Еуразиялық даму банкі Қазақстандық жобаларды шамамен 4 млрд долларға қаржыландыруды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Еуразиялық даму банкінің басшысы Николай Подгузов айтты. Сондай-ақ ол Президентке банктің алдағы бес жылға арналған жаңа стратегиялық жоспарының негізгі бағыттарын баяндады.

Еуразиялық даму банкінің Қазақстан экономикасына қосқан үлесі көп. Әрі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға атсалысады. Бұдан былай да орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді көздеп отыр. Бүгін Мемлекет басшысына таныстырылған Еуразиялық даму банкінің 2026 жылға дейінгі жаңа стратегиясының негізгі бағыттары да осы.

Николай Подгузов, Еуразиялық даму банкінің басшысы:

– Біз келесі бесжылдықта кемінде 3.8 млрд доллар инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Бұл көлемі жағынан соңғы 15 жылдағы қомақты қаржы болмақ. Бізде Инвестициялар қарқыны өте жоғары. Қазақстандағы экономикалық өсімнің оң қарқыны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен салыстырғанда ең жоғары деңгейде болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ Еуразиялық даму банкі, елімізге жеке және стратегиялық инвестициялар тартудың драйвері болуға ниетті. Жоспарланған қаражат көлемі 10 млрд АҚШ долларынан асады. Сарапшылардың айтуынша, банк «жасыл» экономика, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және Қазақстан экспортын ілгерілету саласындағы жобаларға инвестиция салмақ.

Николай Подгузов, Еуразиялық даму банкінің басшысы:

– Қазақстан мен жалпы өңірлердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы жоба мен оны іске асыру маңызды. Азық-түлік бағасын төмендету және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер бірыңғай тауар өткізу желісін құру қажет. Бұл бәрімізге ортақ шешім болар еді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Еуразиялық даму банкінің интеграциялық үдерістерді дамытудағы белсенді рөлін атап өтті. Қазақстанға және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа да елдерге қатысты жобаларды жүзеге асырудың маңызды екенін айтты.

Айнұр Қуатқызы