Жамбыл облысында мол өсіп шыққан алманы өткізетін жер табылмай жатыр

Алма деген көл-көсір. Жамбылдық бағбандар өнімді жинап үлгірмей жатыр. Ал үлгірмесе үсікке ұрынады. Қазір жиын-терінге жергілікті тұрғындар да қолғабыс етіп, тайлы-таяғына дейін егіс басында жүр.

Ендігі бір мәселе осы көл-көсір өнімді өткізетін жер жоқ. Шығын көп, сұраныс аз. Кәсіп иелері қолда бар өнімді қойма жалдап сақтап отыр.

Құмтиын ауылындағы мына бақты 2017 жылы 10 отбасы бірігіп бастаған. Мемлекеттің «Қарқынды алмабақ» жобасымен жеңілдетілген несие алып 50 гектар жерге голландиядан алма көшеттері отырғызылған еді. Араға 4 жыл салып биыл жемісті төгіп салды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл бақта 1200 түптен астам алма ағашы бар. Биыл шаруалар әр түптен 10 келіден астам жеміс жинап алып жатыр. Жеміс ағашының өте көп салғаны соншалық қазір жұмысшылар уақытында жинауға үлг3рмей жатыр.

Бақтың іші шашылған жеміс. Әлі жиналмаған 150 тоннадай алма бар. Күніне 30-40 адам еңбек етеді. Соның өзінде жұмысшы жеткіліксіз.  Шаруалар бұлай жалғаса берсе үсікке ұрынатын түріміз бар деп отыр.

Күлзәбира Байбекова, өрнек ауылының тұрғыны:

- Біз көктемнен бастап жұмыс істейміз. Шөп шабудан бастаймыз. Алма жинап біткенше жүреміз осы жерде. Жұмысы жоқ қыздар, келіншектер келіп осы жерден күнделікті ақшасын алып жұмыс істеп жатыр. Күніге 2-3 тонна алма жинаймыз.   

Ұлбала Айтбайқызы, шаруа:

- 30 проценттейі жерге түсіп қалып жатыр. Алмалар. Құрт жемеген. Таза алмалар жерде жатыр. Жерде жатқан алманы халыққа сатуға қоя алмаймыз. Ол паданцы деп аталады бізде. Оны переработкаға шығаруымыз керек. Переработка цехтарымыз жоқ болғандықтан амалсыздан әлі теріп үлгіре алмай жатырмыз. Біз бар күшімізді талда тұрған жақсы алмаларымызды сорттап жинап алуға салып жатырмыз.  

Қазір кәсіп иелері алма сақтайтын қойма мен оны өңдейтін цехқа зәру болып отыр. Шығын көп. Сұраныс аз. Алма қақ, жеміс шырынын шығарып қалдықсыз өндіріс жасауға шикізат жеткілікті. Бірақ жүзеге асыратын қаражат тапшы. Осыған мемлекеттен қолдау болса дейді кооператив жетекшісі. 

Ұлбала Айтбайқызы, шаруа:

- Бұның бәрін қазір ящикке жинап жатырмыз көріп тұрғандай. Одан бірден холодильникке жібереміз. Ол бізге қымбатқа түседі. Сұранысымыз 150-100 теңгелік алма. Базардан келгендер бізден арзан сұрайды. Себебі біз теріп жинап бергеніміз салған қабымыз бәрі ақша болғандықтан олар біздің ақшаға келіспейді. Ал егер жаңағыдай цехтарды ашып. Қосымша табыс көздерін шығаратын болсақ әрине алма бақтың табысы көбейеді. Қазірдің өзінде ауыл маңы төңірегі осы жерден арзан алма жеп, рақметін айтып отыр.  

Биыл жалпы көлемі 300 тонна алма теруді межелеп отыр. Алғашқы легін сатуға Нұр-Сұлтан қаласына жөнелткен. Әзірге ірі қалаларға жіберіп амалдаудан басқа шара жоқ.

Самат Жарасбаев, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің міндетін атқарушы:

- 2019 жылы барлық мемлекеттік қолдау субсидиялар алды. Талға, тамшылатып суару әдісіне, үстіңгі жапқышына 70 миллионның көлемінде. Басында құрылған кезде ұсыныс ретінде алма шырыны цехын ашу жоспарланған. Құрылтайшыларына біз хабарлама ретінде айттық. Олардың лизингтік қаржыларын қарыздарын құтылып алғаннан кейін салу жоспарда бар екенін айтып отыр. 

Жалпы Жамбыл ауданында 616 гектар алма бағы бар. Оның 237 гектары интенсивті алма бақ. Мамандар осы қарқынды алма бақтар соңғы кездері жемісті мол беріп тиімділігін көрсетіп отырғандығын айтады.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә