Түлкібаста балық шаруашылығына ден қойғандар қатары көбейді

Оған мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемінің артуы себеп. Қазірдің өзінде ауданда оннан аса шаруа кәсібін дөңгелетіп отыр. Балық өсірушілерге мемлекет тарапынан нақты қандай көмек көрсетіледі?

Көлдегі балықтарға жем шашу Келтемашат елді мекенінің тұрғыны Қайырғали Тойболовтың күнделікті жұмысы. Ауыл тұрғыны 2019 жылы үйінің іргесіндегі 1 гектар алқапқа тоған жасап, балық өсіргісі келетінін жергілікті билікке айтқан. Ауыл әкімі қолдап, жерді 10 жылға жалға беру туралы шешім шығарып беріпті. Бірден іске кіріскен шаруа тереңдігі екі метр тоған қазып, өткен жылы суға 16 мың шабақ түрін жібергенін айтады. 

Қайырғали Тойболов, Келтемашат ауылының тұрғыны:

- Сазан, Ақ Амур, толстолобик және жергілікті жердің маринкасы бар. Сол балық шаруашылығымен айналсып жатырмыз. Күніне бір мезгіл кешкі уақытта жем береміз балықтарға. Кішкене сатып та үлгердік. Келесі көктемге қарай жаппай өнім болады деп үміттеніп отырмыз. Құда қаласа, келісі жылға дейін қоршап, демалыс аймағын жасап қоямыз.

Шаруа тек балық өсіріп қоймай, көлдің жағасына келушілерге арналған арнайы тынығу орын салмақ ниетте. Мамандар қазір балық өсірушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен берілетін субсидия көлемінің артып отырғанын айтады. Соның нәтижесінде ауданда балық шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтардың қатары артқан.

Жанұзақ Жұмабеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда жаңадан өзгерістер енгізілді балық шаруашылығына. Біріншіден, сатып алған азықтың 30 проценті субсидияланатын болды. Одан соң оларға берілетін дәрі-дәрмектер бар, препараттар бар, оларды сатып алғаны үшін 50 процентін төлейтін болды. Әр шабақты сатып алғандарға балық өзінің түріне байланысты 100 теңгеден 15 теңгеге дейін грамына байланысты шабақтарға төленеді. Оның да 50 процентін мемлекет төлеп береді.

Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында 8 шаруашылық балық өсіріп, пайдасын көріп отырса, тағы да 4 шаруа тоған жасап, көлге шабақ жіберуге қам жасауда. Бұдан бөлек бекіре мен форель өсіріп, дайын өнімді экспортқа шығарып жатқан ірі шаруашылықтар да бар. Мамандар алдағы уақытта ішкі нарықты толық отандық өніммен қамтуды көздеп отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы