Қытаймен шекарадағы баяу жүк қозғалысы алаңдатып тұр

Қытаймен арадағы шекарада қозғалыс әлі баяу. Алтынкөл-Қорғас» және «Достық-Аланшаңқай» теміржолында жүк вагондары бірнеше айдан бері қаңтарылып тұр. Бұған бір ғана себеп Алашаңқайда жөндеу жүріп жатыр.

Темір жолдағы бұл түйткіл енді кәсіпкерлерге ауыр тиіп тұр. Ал жол шығыны арта берсе, баға да өсе түспек.  

«Шекарадағы жүк вагондарының тежелуі еліміз үшін қаржылық шығын» деген сөз. Бұдан отандық нарықта Қытайдан келетін тауарлардың бағасы күрт қымбаттауы мүмкін еді. Қазір де баға бір құбылып тұр. Жағдайды тұрақтандыру үшін екі елдің үкімет басшылары өзара келіссөз жүргізіп, бір мәмілеге келген еді.

Қанат Көбесов, «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары:

- Міне осыдан кейін шекарадағы жүк тасымалы жанданды. Мысалы, күніне 8-9 поезд жібере бастадық. Қазіргі уақытта біз «Алтынкөл» бекеті арқылы бір тәулікте 12 поезд өткіземіз. Бұған қоса Қытай тарапы бізге 1200 контейнерді беретіндігін мәлімдеді. Оны жылдың соңына дейін қабылдап алуым керек. 

Дегенмен, бір күнде 12 жүк пойызын өткізу теміржол қатынасындағы жұмыс ауқамының қалыпқа келуі деген сөз емес. Жалпы шекарадағы бекет арқылы күніне 20 поезд жүргізуге мүмкіндік бар. Тауар айналымы азайғандықтан кейбір қазақстандық кәсіпкерлер мен алып-сатарлардың табысы 50 процентке дейін төмендеп кетті. Бұған қоса шекарада туындаған кедергілерден логистиканың тарифтері де өсті. Мәселен, 20-футтық стандарттты контейнерді жеткізу құны 6 мың доллардан 12 мың доларға дейін қымбаттады.

Қанат Көбесов, «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары:

- «Достық-Алашанқай» бекетіндегі жүк тасымалының азаю себебі Қытайдағы Алашаңқай бекетіндегі инфрақұрылымдық қайта жөндеу жұмыстарына байланысты болып отыр. Ал «Алтынкөл-Қорғас» бағытында ешқандай шектеу жоқ. Бекет техникалық нормаларға сай жүкті қабылдап, жөнелтіп жатыр. 

Шекарадағы алыс-берісте туындаған кедергі отандық ірі тауар өндірушілерге кесірін тигізіп отыр. Қытайға экспортталған азық-түлік өнімдері шекарада көп уақыт тұрып қалып жатыр. Тауардың тұтыну мерзімі өтіп кетсе, кәсіпкер шығынға батады. Ал кейбір кәсіпкерлер жүктерін тастап кеткен. Енді олар теміржол қатынасына кедергі келтіруде.

«Қазақстан теміржолы» компаниясы өкілдерінің айтуынша, шекарадағы жағдай қараша айында тұрақтануы мүмкін. Ол үшін мәселені үкіметаралық комиссия бақылауға алуы қажет.

Алмас Садуақас, Радик Жақыпов