Маңғыстау облысында көлік газы қымбаттады

Маңғыстау облысында көлік газының литрі 80 теңгеден сатыла бастады. Соңғы үш айда 65-70 теңгеден аспаған еді.

Жауаптылар бұл өзгерісті қарашада сұйытылған отын сатылымының 70 проценті электронды сауда алаңдарына көшуімен түсіндіреді. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 100 процентке жеткізу жоспарда. Бұл келешек бағаның күрт өзгеруін болдырмайды деген сенім бар. Әрі сатудан түскен қаражат жарты ғасыр күрделі жөндеу көрмеген зауытты қалпына келтіруге жұмсалады. Қазір кәсіпкерлер Жаңаөзендегі зауыттан автогаздың литрін 65 теңгеден, тоннасын 112 мың теңгеден сатып алып жатыр. Кәсіпорын айына 14 мың 500 тонна өнім шығарады. Қосымша 3,5 мың тонна газ Атыраудан тұрақты түрде тасымалданып отыр.

Нұрлан Орынбасаров, энергетика және ТҮКШ басқарма басшысының орынбасары:

- Электронды сауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өткізіліп отыр. Сатып алушылар бағаны сұранысқа байланысты өздері қойып, ұтып алатын болады. Төмен болса бізде сатылмайды. Сатылмаған жағдайда дефицит болады. Баға да тағы да шарықтап кетеді. Сондықтан аукционға жіберіліп отыр. Өңірімізде 164 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Соның ішінде сұйытылған мұнай газымен пайдаланатын көліктердің саны 90 пайызды құрайды. Жалпы өңірімізде ай сайынғы қажеттілік 18 мың тонна.