Экономика министрі кәсіпкерлерді артық тексерістен құтқарды

Елімізде кәсіпкерлерге қойылатын талаптар реестрі әзірленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мәжіліс отырысында мәлімдеді. Жаңа қағида кәсіп иелерінің жүктемесін азайтуға сеп болады. Артық шығындар да жойылады. Сондай-ақ бизнесті тексеру тек нақты заңды бұзу деректері тіркелгенде ғана жүргізіледі. Яғни енді ешқандай артық тексерістер болмайды. Жаңа заң жобасына сәйкес кәсіпкерлерді қағазбастылықтан арылтып, есеп беруде цифрландыруға басымдық беріледі. Нәтижесінде бизнесмендер арасында теңдік орнату көзделген. Алайда депутаттар елді мекендердегі интернет сапасының төмен болуын ескеріп, есеп беруді электронды форматқа ауыстырудың мүмкіндігіне күмән келтірді.