Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау тетіктерін жетілдіруге кірісті

Мұның өзі Президент пәрменінен кейін қолға алынып отыр.

Еске салайық, таяуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері арнайы операция нәтижесін жариялап, 30-дан астам адамның мемлекет бөлген қаржыны жымқырып келгенін мәлім етті.

Құзырлы министрлік өкілі Төлеутай Рақымбеков журналистерге мұндай тексеру жұмыстары жаңа министрдің бастамасымен жүргізілгенін жеткізді. Олар осылайша субсидиялау бағытындағы тәуекелдерді анықтамақ болған. Көкейдегі сұрақтардың көбі жауапсыз қалды. Өйткені тергеу жұмыстары аяқталған жоқ әрі министр кеңесшісінің артық жауапкершілікті мойнына алғысы келмегені түсінікті еді. Десе де, ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын барлық субъектіге тең қолжетімді етуді көздеп отыр екен. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша заң жобасына да қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Құжат Мәжілістің қарауында.

Төлеутай Рақымбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:

- 2003 жылы мемлекеттік азық-түлік бағдармасының бірінші іске асуы болғанда 3,5 млрд теңге болатын субсидия көлемі, 18-19 жылдары 350 млрд теңгеге жетті, 100 есе артты. Мемлекет экономика дамыған сайын ауыл шаруашылығына көмек ретінде субсидия, несие ретінде қомақты ақша бөлініп отыр. Бірақ сұрақ жаңағы бөлініп жатқан қаржының тиімділігі. Әрине біз мұны жасырмаймыз. Сыбайлас жемқорлықтың бір себебі, ережелердің жетіспейтін мәселелері, бәрімен бірге осылардың бәріне жол бермеуге тырысамыз енді.