Атырауда автогаз бағасы күрт қымбаттады

Мұнайлы өңірде газға жарымаймыз! Бұл атыраулық көлік жүргізушілердің пікірі. Тұрғындардың наразы болуына аймақта сұйытылған газдың қымбаттауы себеп. Қазір көлік отынының бағасы 110-120 теңге. Мұндай баға бұрын-соңды болған емес.

Қалтаны қаққан қымбатшылықтан қашып, мұнайлы өңір тұрғындары темір тұлпарларына сұйытылған газ құюға көшкен еді. Бірақ жағдай олардың ойларындағыдай болмады. Автогаз құны бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін жетті. 

Дәулет Иманғалиев, қала тұрғыны:

- 50 болды, 60 болды, 70 болды, 80 болды, қазір 110 дейді, масқара ғой. Тем более Атырау. Атыраудың өзі газ шығарып отыр ғой. Масқара ғой. 

Нұрперзент Қапсалықов, қала тұрғыны:

- О кезде 65 болды. Қазір қымбатсып кетті. Бағаны түсіру керек. Бензинмен бірдей болды ғой. Бензин жасаған жақсы одан. Әйтеуір моторға зияны жоқ қой. Түсірген жақсы бағаны, түсіру керек. 

Қазір облыс бойынша 86 газ құю бекеті бар. Барлығында бірдей баға. Қымбатшылық.

Жауаптылардың сөзінше, бағаның өсуі газ тапшылығынан емес екен. Газ құнын қалыпқа келтіру кәсіпкердің құзырында көрінеді.

Ерлан Назаров, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- 14 мыңдай автокөлік бар газбен жүретін. Соны белгілеп, көрсетіп отырамыз бізге қанша қажеттілік бар. Осындай айға осынша қажет деп. Соған қарай министрлік бөледі көлемін. Соны белгілейді: қайсысы торгплощадка арқылы, қайсысы әлеуметтік болады 1 наурыздан бастап реттеуге жатпайды, кәсіпкер қаншаға сатып алды, соған байланысты сатады.

Бұл жағдай көрші облыс тұрғындарын да қиындыққа салып отыр. Елде сұйытылған газ бағасын реттеудің реті болмағандықтан ел ішінде түсінбеушілік себептер болғаны да жасырын емес. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин