Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығы өнімі екі есеге азайып кетті

Түркістан облысының Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығы өнімі екі есеге азайып кетті. Себебі дәнді дақылдардың тамырына жаз бойы нәр бармай, көктей солған.

Шаруалар «каналдарды күрделі жөндеуден өткізуі тиіс мекеме жүгенсіз кетті» деп ашынады. Яғни екі жылдан бері құрылыс жұмыстары жүрдім-бардым орындалып, қазір мүлде тоқтап қалған. 

Ешкім істеп жатқан жоқ. Тегістеп тастады да 1,5 ай техниканың бәрі топырлап тұрды. Жұмыс істемей тұрды.

Балықты ауылындағы қос каналды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталғанда шаруалардың ісі шатқаяқтап қалды. Себебі мердігер мекеме мұндағы суармалы 500 гектар алқапқа келетін қос каналдың бастау көзін бір уақытта жауып қойған. Салдарынан шөлдеген егін алқабы суарылмай, қара жерге себілген дән өнім бермей қурап кеткен.

Пернебек Сембаев, Балықты ауылының тұрғыны:

- Көктемде 6 гектар еккенмін. 4 гектар жоңышқа араластырып арпа ектім. 2 гектар бидай ектім. Енді одан су болмағаннан кейін жоңышқа мен анау-мынаудың бәрі күйді. Жоңышқа болмай қалды. Совсем күйіп кетті. Ал арпамнан 15 қапшық алдым 2 гектардан. 15 қапшық әрқайсысы 40 килодан. Сонымен күйіп жатыр тірліктің бәрі.

Ісі кері кеткен жұрт кемінде Кең каналы мен Боз каналының бірін халық тұтынуы керек еді дейді. Сонда «ешқандай мәселе орын алмас па еді» деп ашынады. Сорақысы, сол егіннің кезінде жұмыс жүріп, дала шаруасы тоқтағанда мердігер мекеменің қызметкерлері де құрылыс техникасын жинап кетіп қалған.

Байысбай Бабаев, Балықты ауылының тұрғыны:

- Алдымен мынау Боз арықты бітіргенде Кең каналын бітірмей-ақ қойсын. Боз арықтан аққан суды әрі қарай ағызып алып, күнімізді көрер едік. Екеуі де, ия Кең каналында су жоқ. Ия Боз каналында су жоқ. Сусыз отырмыз мінеки. Келешек не болады!? 2023 жылы бітеді дейді, 2023-ке дейін біз өмір сүрмеуіміз керек па!? Біздің бала-шағамыз бар. Ауылдық жерде ешқандай жұмыс жоқ. Тек қана огород пен малмен күн көріп отыр. Бізге суды жеткізіп берсін. 

Түлкібас ауданы бойынша дәл осындай 13 каналға жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған. «ҚазСуШар» мекемесіне тиесілі арналарды қайта жаңарту ісі 2023 жылы пайдалануға берілуі керек. Алайда ауданның ауыл шаруашылығы бөлімі де басталған іс мерзімінде аяқталатынына күмәнмен қарайды. Себебі таңдайы кепкен халық Балықтыдағы Кең каналын жергілікті әкімдікке айтып, арнаны аштырған. Оның өзі біріне жетіп, енді біріне мүлде бармай қиналыпты.

Абылай Төлепбергенов, Түлкібас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:

- 127 шақырымына бүкіл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет болса соның қазір 25 шақырымы ғана аяқталды. Жұмыс тоқтап қалды. Қазіргі мерзімде маусым айынан бері мүлдем тоқтады. Өйткені ол кісілердің айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты, цемент, арматура, жанар-жағармай сияқты. Сондықтан қазір қайта корректировка жасап жатырмыз деп жатыр. 

Ал Экология министрлігіне қарасты су ресурстары комитетінің өкілдері құрылысқа жауапты мердігер мекеменің тұралап қалған ісін сотқа жолдағанын хабарлады. Осылайша құрылысты уақытында аяқтауды талап еткен.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов