«Бәйтерекке» тартылған инвестициядан Байқоңырда жұмыс орындары ашылады – Б.Мусин

Бүгін Сенат депутаттары Байқоңырда «Бәйтерек» ғарыш ракеталық кешенін құру туралы заңның жобасын қабылдады. Бұл кешенде 2036 жылға дейін 41 зымыран ұшыру жоспарда бар.

Қазақстан Ресей арасындағы келісімге сәйкес көрші ел 23 зымыранды ұшыруға кепілдік берді. Сондай-ақ Қазақстан жыл сайын 2 тапсырыстан алуға құқылы. Ұшырылатын әр зымыранның құны 52-тен 62 миллион долларға дейін. Оның 10 миллионы жерді пайдалануға бергені үшін Қазақстан бюджетіне аударылады.

Айта кетерлігі, осы келісімнің арқасында еліміз бұған дейінгі несиелік міндеттемелерден босатылады. Және де еліміздің «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнындағы үлесі ұлғаяды деп күтіліп отыр.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрландыру, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Қомақты инвестиция бөлініп жатыр ғой. Сол инвестицияның 25-30 проценті қазақстандық компанияларға тартылады. Байқоңырда жұмыс істейтін адамдар, жұмыс істейтін орындар қажет. Экономика дамиды ғой. Ғарыш айлағын РФ пайдалану үшін біздің бюджетке 115 миллион доллар төлейді жыл сайын.