Павлодар мұнай-химия зауыты жарты жыл бойы жоспарды орындай алмайды

Зауытты жөндеу кезінде гидротазарту компрессорынан ақау шықты. Ал бұл бөлшекті ауыстыруға 5 ай уақыт кетеді.

Енді дизель өндірісінің көлемі айына 20-40 мың тоннаға азаяды. Бұл туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің облысқа жұмыс сапары барысында белгілі болды. Сала басшысы зауыттың бас директорына сөгіс жариялауды ұсынды. Сондай-ақ мұнай-химия зауыттарының модернизациясы ішкі нарықты өніммен қамту үшін қажеттігін айтты. Проблемалардың негізгі себебі жөндеу жұмыстарын тиімсіз жоспарлау, деді министр. Ал зауыт басшылығы өндіруші жабдықтарға сараптама жүргізетінін мәлімдеді. 

Оспанбек Әлсейітов, Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры:

- Тексеру барысында ақау анықталып, оны ескі ротормен алмастырдық. Бұл құрал 2017 жылға дейін жұмыс істеген. Қазіргі уақытта сутектің тығыздығын төмендетіп, компрессорды іске қостық. Қазіргі уақытта жұмысы тұрақты. Тоғыз мың тонна дизель отынын өңдеп шығардық.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Бұл жағдайдың туындауына ұзақ мерзімді жоспарлаудағы олқылықтар себеп деп білемін. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» және зауыт басшылықтарына зауыттарда күрделі және ағымдық жөндеу бойынша жоспар әзірлеуді тапсырамын. Павлодар зауытындағы олқылықтарға байланысты бас директорға қатаң сөгіс жариялау қажет.