Түркістан облысында жылына 100 миллион жөргек шығаратын кәсіпорын ашылды

Әзірге баламасы жоқ өндіріс орны ересектер мен балаларға арналған өнімді сатылымға шығарады. 

Бұл «Ауыл» партиясымен бірлесіп жүзеге асырылған әлеуметтік жоба. Кәсіпорын қызметкерлерінің 70% мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұған дейін жұмыссыз отырған азаматтарға техника тілі түсіндіріліп, табыс табуына жағдай жасалды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» акциясы аясында зауыттың алғашқы өнімі балалар мен ерекше күтімді қажет ететін отбасыларға тегін үлестірілді. Жуырда кәсіпорын ішкі нарықты түгел қамтып, экспортқа өнім шығармақ. Отандық тауардың бағасы импорттан екі есе арзан болады. 

Төрегелді Қалмұратов, «Ауыл» ХДПП мүшесі:

- Бұл әлеуметтік жоба. Әлеуметтік жоба болғаннан кейін мүгедектердің 60-70 проценті осыған қатысып отыр. Солар осы жерден өнімді алып, айлығын алып, күнін көріп, өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жоспар біз осы Қазақстанды қамтып, сапалы өнім беріп, үлкен бір мың адам жұмыс істейтін мекеме құрсақ па деген ойымыз бар.

Бейімбет Сүйін, кәсіпорын басшысы:

- Өндіріс қуаты толығымен жұмыс істеген күні минутына 400 данадан 600 данаға дейін шығарады. Әркімнің мүгедектігі әртүрлі болады ғой. Соған байланысты біз де жұмысты тапсырамыз.