Аяқ киімді цифрмен таңбалау: сатып алушының қалтасына әсері бола ма?

Қазіргі таңда еліміздің базарларында сатылып жатқан аяқ киімнің 48 проценті көлеңкелі бизнес қатарына жатады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық статистика бюросы мәлімдеп отыр. Ал импорттаушылар мен өндірушілер аяқ киімді цифрлы таңбалаудан өткізетін болса көлеңкелі бизнестің жолы кесіледі деп санайды. Елімізде барлық аяқ киім өнімдерін цифрлы таңбалау жобасы бірінші қарашадан басталды.

Былтыр қараша айынан бері елімізде темекі өнімдері цифрлы таңбалау жүйесі арқылы белгіленіп сатылып жатыр. Енді кезек аяқ киім өнімдеріне де келді. 1 қарашадан бастап өндірілген немесе импортталған әр етік, туфли арнайы тіркеуден өтіп жатыр. Бірақ саудагерлерге 1 қарашаға дейін әкелген аяқ киімді 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін цифрлы таңбалаусыз сатуға рұқсат берілді. 

Фаррух Изатуллаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сарапшысы:

- Кез келген тұтынушы өзі алғысы келген аяқ киім қай жақтікі, қандай матадан жасалған, тағы басқа сұрақтарды сатушыға қояды. Осыған дейін білмейтін тұтынушыны сатушылар қаласа алдай салатын. Енді олай болмайды. Сіз «Нақты өнім» қосымшасын телефоныңызға жүктейсіз. Сол арқылы тауардың дата матрикс кодын сканерлейсіз, бітті! Қалаған ақпаратыңыз шығады. Сізді ешкім алдай алмайды. Тұтынушы құқығы қорғалса, несі жаман?

Дата матрикс коды – шығыны аз, сақтайтын жады көп және криптоқорғанысы өте мықты код. Әлемде оны АҚШ, Еуропа елдері де қолданады. Осыған дейін кейбір бизнес өкілдері алушыға өтірік ақпарат беріп, оны бір алдаса, салық төлеуден жалтарудың мың жолын табатын. Енді цифрлы таңбалау арқылы сол құйтырқылықтарының жолы кесіледі. Цифрлы таңбалаудан соң аяқ киім бағасы күрт өсе ме? Осы сұрақты да жауапты мекеме өкілдеріне қойдық.

Мұхаммедхайдар Сейіт, цифрлы экономиканы дамыту жобасның жетекшісі: 

- Сіз бір аяқ киімге бір цифрлы таңба аласыз. Ол 2 теңге 68 тиын. Ал этикетка ретінде шығарғанда арзан 5 тиындық түрін де, қымбаттырақ 1 теңгелік түрін де таңдай аласыз. Бұл бастама бағаға айтарлықтай әсер етпейді.

Дана Қаражанова, отандық өндіруші: 

- Біз қазір цифрлы таңбалауды бастап кеттік. Жыл сайын 500 мың жұп аяқ киім өндіреміз. Әр аяқ киім қорабына бір адам этикетканы желімдеп тұрады. Оған арнайы штат аштық. Бұл үшін біз әр аяқ киімге он теңге қостық десек болады. Цифрлы таңбалау алушының ғана емес, біз секілді отандық өндірушілердің де құқын қорғайды. Яғни заңсыз сауда мен заңсыз өндірушілердің де жолын кеседі.

Айта кететін жәйт, арнайы медициналық ортопедиялық және әскери аяқ киімдер цифрлық таңбалауды қажет етпейді. Сондай-ақ шетелден өзіңіз үшін алып келсеңіз немесе шетелдік сайттардан тапсырыс берсеңіз бұл норма міндетті емес. 

Кәмшат Әбілқызы, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ...