Шетелге мұнай экспорты артады

Небәрі 20 жылда біздің ел шет мемлекеттерге 750 млн тоннадан аса мұнай экспорттаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыры консорциуымының 25 жылдығына арналған шарада осылай деді. Президент дәл осы желі арқылы қазір жылына 67 млн тонна қара алтын тасымалдауға болады дейді. Алдағы екі жылда оның қуатын 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы тың жобаның тынысын кеңейтуге Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сынды кен орындары септігін тигізді дейді. Каспий құбыры консорциуымы Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны анық. Осы шара кезінде Президент салаға еңбегі сіңген бірқатар азаматқа орден, медаль табыстады.

Мемлекет басшысы Каспий құбыры консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.

Президенттің айтуынша, Каспий құбыры консорциумы барлық акционердің жүйелі әрі тиімді жұмысының үлгісі. 2001 жылдан бері КҚК-нің мұнай құбыры арқылы әлемдік нарықтарға 750 миллион тоннадан астам Қазақстан мұнайы экспортталды. Оның өткізу қабілеті шамамен 2,5 есе артып, жылына 67 миллион тоннаға дейін жетті. Президенттің айтуынша, 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.