ХВҚ Қазақстанның экономикалық дамуына оң баға берді

Пандемиядан кейін елдің экономикалық ахуалын жақсарту бағытында Қазақстан билігі дұрыс шешім қабылдап келеді.

Былтыр елдегі жалпы ішкі өнім көрсеткіші 2,5 процентке дейін азайған еді. Бірақ қабылданған шаралардың арқасында пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта жетті. Жұмыссыздық деңгейі де 5 проценттен төмен. Ал инфляцияның жоғарылауы бүкіләлемдік үрдіс. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланше мәлімдеді.

Айтуынша, елдің экономикасын жедел қалыпқа келтіретін үш негізгі фактор бар. Біріншісі, вакциналау, одан кейін негізі сауда әріптестеріміздегі ахуал және мұнай бағасы. Қазір елде вакциналау деңгейі жақсы. Ал қара алтын құны мен сауда серіктестеріміздегі ахуал түрлі жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Ел экономикасы оған дайын болуы шарт. Миссия басшысының айтуынша, инфляция әлі де жоғарылауы мүмкін. Сондықтан Ұлттық банк ақша-кредит саясатын қатаңдатқаны дұрыс деп санайды.

Николя Бланше, Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы:

- Қазақстан Ұлттық банкі бұған дейін базалық мөлшерлемені 0,25 процентке көтерді. Елдегі жағдайды саралай келе біз осы саясатты әрі қарай жалғастыру қажет деп ойлаймыз. Өйткені инфляция деңгейі әлі де өсіп жатыр. Сондай-ақ Ұлттық банктің мемлекеттік бағдарламаларды қолдаудан шығамыз деген бастамасын қолдаймыз. Елде қаржы нарығын реттеу және дамыту, бәсекелестікті қорғау агенттіктерінің құрылуы ел экономикасының дұрыс бағытта дамуына серпін береді деп ойлаймыз.