Шымкентте жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі өтіп жатыр

Мұнда қала экономикасының тірегіне айналған 100-ге жуық кәсіпорынның өнімдері қойылған. Маңызы ерек шара кәсіпкерлерді қолдап, жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықтық дауыс беру арқылы үздік өндірушіні анықтайды.

«Шымкент өнімдері» айдарын таққан дәстүрлі шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін кәсіпкерлердің ісі ілгері басып, қала экономикасы түрленді. Оның бірден бір дәлелін көрмеден аңғаруға болады. Қаз-қатар тізілген павильоннан құрылыс индустриясы, жиһаз өнеркәсібі, тұрмыстық түрлі тауар өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі мен медициналық саладағы жетістіктерді көруге болады.

Береке Дүйсебеков, қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы:

- Біз алдағы 5 жылдықта өзіміздің экспорттаушы компаниялардың санын 35-тен 50-ге жеткізуді, сондай-ақ экспорттың географиясын 15 ел емес, алдағы уақытта 20-25 елге ұлғайту негізгі миссиямыз болып табылады. Қаламызда қазір арнайы индустриалды аймақтарды дамытып жатырмыз. 

Шымкентте аяқ киім өндірісі қарқынды дамып келеді. Сапасы мен бағысы импортты ысырып, өз өнімімізге деген сұранысты арттырды. Бәсекелестік қатар өркендеп мегаполис өнімін ел тұтынуда. 

Жамшид Ырыстаев, «СП «LUX SHOES» ЖШС жетекшісі:

- Күніне 100-150 пар аяқ киім шығады фабрикадан. Аяқ киімнің түрлері әр түрлі жаздық, қыстық. Әзірге аяқ киімді Қазақстан бойынша таратып жатырмыз.

Төрт өндірістік аймағы бар Шымкентте 118 жоба жүзеге асырылған. Онда 21 мыңға жуық халық тұрақты еңбек етеді. Биыл тағы 5 жаңа жоба жүзеге асырылды. Қаланың өндірістік әлеуетін арттыру үшін қосымша 2 индустриалды аймағы құрылуда.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Тәуелсіздік жылдарында 200-ден астам ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындар іске қосылды. 2,6 трлн теңге жеке инвестиция тартылды. 250 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылды. 

Тауар өндірушілердің көрмесі үш күнге созылады. Халықтық дауыс берудің таңдаулы жеңімпазы қорытынды шарада марапатталады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов