Атыраудағы конференцияда мұнай-газ саласындағы инжиниринг қызметін экспорттау талқыланды

Атырауда «ҚазМұнайГаз-Сервис-2021» конференциясы өтті. «Мұнай-газ құрылысы және инжиниринг» тақырыбында өткен жиынға еліміздегі алпауыт мұнай-газ мекемелерінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ кеңесте инжинирингтік компаниялардың қызметтерін экспорттауды қолдау тақырыбы талқыланды.

Іргетасы 2002 жылы қаланған «INFRA DEL PROJECTS» компаниясы мұнай-газ саласы мен инфрақұрылымды дамыту секторларында түрлі қызмет көрсетеді. Былтырдан бері «KazakhExport» сақтандыру компаниясының арқасында Ресей елінде құны 1 миллиард рубль болатын ірі жобаны қолға алған. Енді компания Таяу Шығыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздеп отыр.

Малика Юсупова, «INFRA DEL PROJECTS» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі менеджері:

- 2020 жылы Ресей нарығына шықтық. Амур газ өңдеу зауытында өз жобамызды іске асыруды қолға алдық. «KazakhExport» сақтандыру компаниясы қолдау көрсетіп, барлық қажетті материалдарды сатып алдық. Айта кететіні, зауыт құрылысына тартылған 400-ден астам жұмысшының 95 проценті Қазақстан азаматы.

«Мұнай-газ құрылысы және инжиниринг» тақырыбында өткен басқасуда «KazakhExport» сақтандыру компаниясының атқарып отырған жұмыстары мен жобалары туралы айтылды. Компания қазіргі уақытта 100-ден астам мекемеге көмек беріп отыр. Оның ішінде қызмет экпорттаушыларға шамамен 50 миллиард теңгеге қолдау көрсеткен.

Қуаныш Мұқажанов, «KAZAKHEXPORT» ЭСК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Қазір компаниялардың Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдеріндегі ірі жобаларына қолдау көрсетіп отырмыз. Соның ішінде атап айтар болсақ, «INFRA DEL PROJECTS» компаниясы. Бүгінде Амур газ өңдеу зауытын салу жобасында қосалқы мердігерлік жұмыстар үшін келісімшарт жасасып, қызмет көрсетіп отыр.

Жобалардың жүзе асуына сауда және интеграция министрлігі, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі мен «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы қолдау көрсетіп келеді. Мемлекеттік қолдаудың 17 түрлі бағытын бекіткен компания былтыр 92 экспорттаушыға 134,6 миллиард теңге көлеміндегі сақтандыру сомасына кепіл ретінде көмек көрсеткен. Ал биылғы меншікті капитал құны 115 млрд теңгеден асады.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов