Елордада ШЫҰ банкаралық бірлестігінің халықаралық конференциясы өтті

Бүгін елордада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы банкаралық бірлестігінің халықаралық конференциясы өтті. Жиын экономиканы цифрландыру, жасыл қаржы мен заманауи инфрақұрылымды қолдауға арналды. Конференция «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы «Қазақстан даму банкінің» қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазір экономиканы барынша инновацияға, цифрлық технологияларға негіздеу өзекті. Бұл мәселені бүгінгі конференцияда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері талқылады. IT-бастамалар экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, салалардың бәсекеге қабілетілігін арттырады, дейді мамандар.

Абай Сарқұлов, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы:

- «Қазақстанның Даму банкіндегі» IT-әлеует жоғары. Біздің барлық бастамамыз пандемия жарияланғанға дейін жүзеге асырылды. Осы екі жыл ішінде «Қазақстанның Даму банкі» жаңа сын-қетерлер кезеңінде табысты жұмыс істеп келеді.

«Қазақстан Даму банкінің» өкілдері сыртқы саудаға шолу жасайтын сараптамалық портал және қарыз алушылардың виртуалды кеңсесін әзірлеген. Бүгін соның бәрі конференцияға қатысқан меймандарға таныстырылды. Өз кезегінде Ресейден келген қонақтар бизнеске арналған «Маркетплейс» туралы айтты.

Сергей Сторчак, «ВЭБ.РФ» мемлекеттік даму корпорациясының аға банкирі:

- Қазақстан Даму банкінің бастамасымен біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында жиналып отырмыз. Ұлттық даму банктері үкімет пен жеке сектор арасында көпір бола алады. 

Атап өтейік, банкаралық конференция ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы қарсаңында өтті.

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев