Мәжіліс депутаты: Мамандар жасыл технологияларды меңгеруі тиіс

Көміртекті бейтараптылыққа өту кезінде ел экономикасының құрылымын өзгертуге тура келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжіліс депутаты Елдос Абақановтың айтуынша, көмірмен жұмыс істейтін стансалардағы мамандар жасыл технологияларды меңгеруі тиіс. Үкімет те түрлі механизм енгізу арқылы, жасыл экономикаға қолдау көрсетуге міндетті. Мәселен, «Жасыл Қазақстан» жобасының аясында 2025 жылға дейін баламалы энергия стансалары екі есе көбейеді. 

Елдос Абақанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Көміртектен қалай арыламыз?  Біз көмір стансаларын бір мезетте алып жауып тастамаймыз. Олар бірер жылда өздері тозып жабылады. Сол жабылған стансалардың орнына басқа да баламалы энергиямен жұмыс істейтін стансалар салу бойынша жобалар жасалуы керек. Көмірден бас тарту үшін экономиканың құрылымын өзгертіп, энергетиканы дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеген жөн. Термоядролық синтез деген технологияларды қарастыруымыз керек.