Өскеменде ауыз су тазартатын электролизді станциялар іске қосылады

Өскеменде 3 жылда ауыз су тазартатын электролизді станциялар іске қосылады. Жауапты мамандар хлорлау әдісінен бас тартып, өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген 3 су жинағыш нысанды кезең-кезеңімен қолданыстан шығармақ. Олар әлі күнге дейін 100 мыңнан астам тұрғынды тіршілік нәрімен қамтып келеді.

- Компьютерде бақылап, қарап отырамыз. Барлық скважиналардың жұмыстары жүйелі түрде өзі қосылып, өшіп тұрады. 

Тәуелсіздік жылдары Өскеменде 7 су жинау нысанының қызметі автоматтандырылды. Ауыз суды электролизді тазалау жүйесі жолға қойылды. Енді тіршілік нәрі хлормен емес, ас тұзымен сүзгіленеді. Бұдан ағзаға еш зияны жоқ. 

- Я мог даже показать, что она вообще безвредна, вот пробую. 

Жаңа технология әзірге 3 су жинайтын нысанда қолданыста жоқ. Бұл станцияларда әлі хлораторлық қондырғылар істеп тұр. Олардың қолданыс мерзімі әлдеқашан өткен, дейді мамандар. 

Оралхан Нұрғазин, су жинау станциясының қызметкері:

- 2010 жылдан бері инвестбағдарламамен бізде жаңа қондырғылар істеп жатыр. Октябрский су жинағышын іске қостық мамыр айынан бастап. Бұрынғыдай емес, задвижкаларды қолмен ашып жаппаймыз. Бұрын 10 кісі істейтін болса, қазір тәулігіне 1 машинист атқарып отыр.

Ескі су ұңғымаларына шаһардың өнеркәсіптік аймағынан шығатын жерасты сулары құйылады. Сол себепті бітеп тастауға шешім қабылданды. Өскеменде тіршілік нәрі артезиан ұңғымаларынан, көршілес Павлодарда Ертіс өзенінен алынады. Бұл ретте құдықтарды жағалауға жақын топырағы таза жерлерге көшіруге кеңес берілген. Тіпті Франциядан мамандар келіп зерттеу жүргізіпті.

Наталья Лукерина, өндірістік-техникалық бөлім басшысы:

- Ертіс бойында жаңадан 7 ұңғыма қазылды. Осылайша артезиан ұңғымаларынан алынатын судың сапасын көтеруге мүмкіндік туды. Зерттеулер жүргізілді. Жаңа хаттама мақұлданды. Бізге белгілі бір мерзім ішінде су жинау нысандары маңындағы ұңғымаларды көшіруге міндеттеме берілді. 

Қала халқы мөлдір су ішіп отыр деуге әлі ерте. Ауыз су құбырларының 60 проценті тозған. Олар таяу жылдары ауыстырылады. Қазір осы бағытта 238 инвестжоба жүзеге асып жатыр. 

Талғат Исламұлы, Дмитрий Пыхтин