Қазақстан-Қытай: алғашқы контейнерлік құрама жүк жөнелтілді    

Алматыдан Қытайдың Сиань қаласына жөнелтілген 40 футтық контейнерлерде қазақстандық үш компанияның жүгі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрама контейнерлер тиеген жүк пойызы межелі жеріне 10 күннен кейін жетеді. Жөнелтуді ұйымдастырушылар - «ҚТЖ Express» және «QazTrade» акционерлік қоғамдары. Шойын жол арқылы контейнерлік құрама жүкті тасымалдау тәсілі ең алдымен шағын және орта бизнеске өте қолайлы болады. Отандық тауар өндірушілер өз өнімдерін бір контейнерге жинап, көрші елге жібереді.

Ерлан Төлендиев, «Ktz Express-Оңтүстік» филиалының басшысы:

– Кіші және орта бизнес өкілдеріне өте пайдалы. Себебі бизнесмендер бүкіл контейнерге бүкіл шығынды жаппайды. Арнайы өзінің жүгінің көлеміне сай шығындарды жабуға әбден мүмкіндігі болады.

Әлібек Жұматаев, «Kaztrade» АҚ логистика жөніндегі директоры:

– Бұл логистикалық жобаны «ҚТЖ-Экспресспен» бірігіп жасадық. Ол негізінен Қытайға тауар экспорттаушы шағын және орта бизнеске арналған. Жүк тек контейнерлермен ғана жетікзіледі. Себебі контейнерді тиеу-түсіру жұмысы жеңілдейді. Тасымалдау бағасы да қымбат емес. Болашақта бұл сервисті бір ізге қоюды жоспарлап отырмыз.

Контейнер қазақстандық фитингтік платформадан қытайлық платформаға ауыстырылады. Содан кейін Сиань қаласынан жүк Қытайдың кез келген жеріне жөнелтіледі.

Нұрлан Сыздықов, «Саумал» сауда үйінің директоры:

– Бұған дейін біз жүкті ұшақ және автомобильмен жіберіп келдік. Алайда қазір ол жағы қиын болып тұр. Енді теміржол арқылы жаңа логистикалық бағыт ашылды. Бұл біз үшін жалпы сыртқа тауар сатушы экспортерлер үшін өте тиімді. Тапсырыс берушілермен арадағы келісімшартымызды дер кезінде орындауға зор мүмкіндік береді.

Бұл жоба Қазақстанның экспорттаушыларына бәсекеге қабілетті бағамен Қытайға тауар жеткізудің тұрақты қызметін ұсынады. «Экспорттаушыға артық төлемей, қанша қажет болса, сонша жүгін тасымалдауға мүмкіндік береді», - дейді компания өкілдері.

Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов