Шахтинск қаласында бизнес ашуға ниетті жастарға 1 млн теңгеден грант тапсырылды

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында кәсіп ашуға ниетті жастарға 1 миллион теңгеден грант тапсырылды.

Бұл жолғы грантты 15 болашақ кәсіпкер алды. Біреуі көлік жөндейтін шеберхана, енді бірі жылыжай ашқысы келеді. Қайтарымсыз қаржыны алу үшін жастар бизнес жобасын ресурстық орталыққа өткізген. Енді оларға жоспарын жүзеге асыру үшін 3 ай уақыт беріліп отыр. Жалпы облыс бойынша биыл жас кәсіпкерлерді қолдауға 100 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 306 жобаның ең үздік 100-і қаржыландырылды.

Мақсат Тоқанов, Шахтинск қаласының тұрғыны:

- Бұндай мүмкіншілік жастар үшін өте үлкен бастама деп ойлаймын. Сондықтан әрбір жасқа мүмкіндік берілген сайын еліміз өседі, өркендей береді деп ойлаймын. Мен өзім машинаны жөндейтін және май ауыстыратын, шиномонтаж орталығы, автоэлектрик орталығын ашып, жұмыс істеймін деген жоспарымда бар.