Қазақстан СОР26 аясындағы міндеттемелерін уақытылы орындайды – А. Мамин 

Үкімет басшысының төрағалығымен өткен «Инвестициялық ахуалды жақсарту» жөніндегі кеңес отырысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту және СОР26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммиттің қорытындысы бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындау аясында еліміздің төмен көміртекті экономикаға көшуі мәселелері қаралды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қатысушылар өз баяндамаларында «Жасыл экономиканы» дамыту және жаңартылатын энергия көздеріне шетелдік инвестицияларды тарту перспективалары туралы кеңірек тоқталды.

Экономиканы декарбонизациялау процесінің ұйымдастырушылық, заңнамалық және қаржылық аспектілері шығарындыларды азайту бойынша ұлттық деңгейде айқындалған Қазақстанның жаңартылған үлесін іс жүзінде жүзеге асыру, энергетикалық теңгерімді оңтайландыру және жаңартылатын энергия көздерін және жалпы «жасыл» экономиканы дамытуға салынатын инвестициялар көлемін одан әрі ұлғайту мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы Шотландияның Глазго қаласында өткен БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының әлемдік көшбасшыларының саммитінде Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3%-дан 15%-ға дейін бес есе ұлғайту, 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуетін арттыру, сондай-ақ 2060 жылға қарай ҚР-ның көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатын жариялағанын атап өтті. Премьер-Министр Қазақстан баламалы энергетиканы дамыту саласына шетелдік капитал мен озық технологияларды тарту үшін инвестициялық ортаны жақсарту жөнінде бірқатар шара қабылдағанын атап өтті. 

Мысалы, 2020 жылы жаңартылатын энергетика саласында жалпы қуаты шамамен 600 МВт болатын 25 жоба пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі  510 млн доллардан асты. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша 445 млн доллар инвестиция тарта отырып, жалпы қуаты 450 МВт болатын 22 жоба іске қосылады. Алдағы төрт жыл ішінде 60-тан астам жаңа жобаны пайдалануға беру жоспарда бар.

Пермьер-министр энергетика секторын жаңғыртуға және ҚР жаңартылатын энергия көздерін дамытуға салынатын инвестициялардың одан әрі өсуіне биыл 1 желтоқсанда Дубай қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ мен Abu Dhabi Developmental Holding Company тәуелсіз қоры арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ елімізде жалпы қуаты 4 ГВт күн және жел электр станцияларын салу жөніндегі инвестициялық құжаттарға қол қою ықпал ететінін атап өтті.

«2030 жылға қарай Қазақстанда жалпы қуаты 9 ГВт құрайтын жаңартылатын энергетиканың 180-нен аса жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Біздің еліміз СОР26 шеңберінде өз міндеттемелерін уақытылы орындайтынына күмән жоқ», – деді Асқар Мамин.