Қазақстан Даму банкі кәсіпкерлерге беретін несие көлемін арттырды

Қазақстанның даму банкі 2023 жылдың соңына дейін елдің өңдеу өнеркәсібіне 4 трлн теңге қаржы құймақ, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Саладағы кәсіпкерлерге берілетін несие көлемі артады. Банк бұл істі басты стратегиясы санайды. Бүгін елордада қаржы ұйымының өкілдері клиенттермен кездесті. Шараға елдің түкпір-түкпірінен 50-ден астам кәсіпкер қатысты.

«Бәйтерек» холдингіне қарасты Қазақстанның даму банкі 20 жылдық белесті еңсерді. Жаңа кезеңге жаңа стратегиямен аяқ басты. Негізгі мақсат - экономиканың басымдық берілген салаларын тиімді қаржыландыру. Әсіресе мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясындағы бизнес идеяларға көптеп көңіл бөліп, жасыл энергетика мен отандық экспортты дамыту - басты бағыт.

Абай Сарқұлов Қазақстан Даму банкінің басқарма төрағасы:

– Жаңа стратегия бойынша жаңа қаржы инструменттері қолданылады. Сонымен қатар, цифрлық инструменттер қолданылады. Мысалы синдикаттық қаржыландыру деп айтамыз. Бұл әлемде өте ыңғайлы және ауқымды сомаларды тартуға болады.

Қазір банк клиенті атану өте оңай. Ол үшін қарыз алушының виртуалды жеке кабинеті ашылды. Банк серіктестері сол жерден онлайн негізде өтініш жолдап, жауап алады. Қажет құжаттарын реттейді.

Әсет Зейнуллин Қазақстан Даму банкімен серіктес компанияның басшысы:

– 2018 жылдан бастап Қазақстан Даму банкімен жұмыс істейміз. Сол уақыттан бері 6 мың шақырым талшықты оптикалық желі салдық. 425 ауылдық жерге кең жолақты интернет бердік. Қазақстан Даму банкі біз үшін серіктес.

Банктің елдегі көптеген стратегиялық маңызды кәсіпорындарын іске қосуда үлесі зор. Пайдасын тұтас ел көрді. Мәселен, тауық еті, күнбағыс майы, жанармай, электр қуаты және көлік құрастыру салаларын қамтыған ауқымды жобалар жүзеге асты. Бірқатар әуежай, теміржол және туризм нысандары да бой көтерді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров