СҚО: Мүсірепов ауданында кәсіпкерлерге 5 млрд теңгеден астам қаржы қолдау көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданында «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы бойынша 90 жоба жүзеге асты. Жергілікті кәсіпкерлерге 5 млрд теңгеден аса қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Ернұр Жолдаспаев жас кәсіпкер. Ол Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимское ауылында алғашқы химиялық тазалау орталығын ашты. Биыл «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы бойынша 2 млн теңгенің грантын ұтып, кептіру қондырғысын сатып алды. 

Ернұр Жолдаспаев, кәсіпкер:

- Шынымды айтсам, мұның бәрін жалғыз өзім істей алмас едім. Мемлекет мен сияқты жас кәсіпкерлерге зор қолдау көрсетеді. 6 процентпен несие алдым. Мұндай жеңілдік бір де бір банкте жоқ.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген тағы бір кәсіпкер Игорь Лашко. Ол өз кәсібін халыққа отын дайындаудан бастаған. Содан кейін 6 млн теңге несие рәсімдеп, ағаш тілу қондырғысын сатып алды. Енді өндіріс цехын салып жатыр.    

Игорь Лашко, кәсіпкер:

- Енді болашағымыз бар. Өндіріс айналымы да ұлғайды. Біздің ауданда қайың мен қарағай ағашын өңдейтін мен ғана. Сондықтан тапсырыс өте көп. 

Осындай шағын жобалар – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Біріншіден, салық түсімі ұлғаяды, екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ауданда олардың арқасында 300-ге жуық адам еңбекпен қамтылды.

Мұрат Әбілмәжінов, Ғабит Мүсірепов аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Биыл «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасының грантына 3 кәсіпкер ие болды. Ол химиялық тазарту орталығы, төсек орнын тігу және де тас жиектері мен тақтасын өндіру жобалары. Сонымен қатар 3 кәсіпорынға мемлекет есебінен инфрақұрылым салынды. 

«Кәсіпкерлер сауда-саттықпен қатар өндіріске де бет бұрып жатыр», - дейді мамандар. Келесі жылы мемлекеттің қолдауымен тағы 29 жобаны қаржыландыру қарастырылып отыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов