Қостанайда мүмкіндігі шектеулі жандар кәсіпкерлікке ден қойды

Олар тәжірибелі бизнес-тренерлерден тегін дәріс алып жатыр. Үш айлық курстан кейін өз ісін ашқандарға қолдау көрсетіледі. Яғни мемлекеттік грант бөлініп, құқықтық, қаржылық сауаттылық тұрғысынан кеңестер беріледі.

Үшінші топтағы мүгедек Нұржамал Боташова жарты жыл бұрын әлеуметтік қолдау орталығында тігіншілікті тегін меңгеріп шықты. Осында жұмыс орыны мен құрал-жабдықтарға ие болды. Қазір тігін машинасынан қолы босамайды. Тапсырыс берушілер күн санап артып келеді. Ендігі арманы ателье ашу. Сол себепті кәсіпкерлік сабақтарына жазылған.

Нұржамал Боташова, қала тұрғыны:

- Бас киімдер тігемін, көйлектер, шалбарды қысқартамын, ұзартамын, замоктарын ауыстырамын. Әртүрлі сол ремонттаймын. Перде тігемін. Әрі қарай қалай даму керек. Соны үйретіп жатыр ақырындап. Әлі 5-6 сабағымыз бар. Енді жоғары көтерілемін деп ойлаймын. Өз кәсібімді ашқым келеді.

Мүмкіндігі шектеулі кісілер бизнес-жоспар түзіп, оны жүзеге асыруды үйренеді. Сабақтар апта сайын өтеді. Қазірдің өзінде 20-ға жуық тыңдаушы бар.

Марат Бикенов, бизнес-тренер:

- Ісін ашатын болса, заңды тұлға ретінде тіркеуге көмектесеміз. Грант, несие бөлу жағы да ескеріледі. Кейін бизнес жүргізудің кішігірім кейсін жасап береміз.

Осындай курс ашуға жоғары сұраныс түрткі болған. Орталыққа келушілер бұрыннан өз ісін бастауға ынталы. Бірақ құжаттама толтыруда, құқық және қаржылық сауаттылық білімдері жеткіліксіз.

Аруна Жақсығұлова, «Үміт» ҚБ Төрағасының орынбасары:

- Көбі енді ашамыз деп жүр. Сондықтан біздің орталығымызда кәсіпкерлер палатасы мен басқа жұмыс берушілермен кездесіп, бүкіл жерден осы жерге адамдарды шақырып, жұмысымызды бастаймыз деген адамдарға көмек береміз. Консультация, үйретеміз, осындай тренинг өткіземіз. Қалай бастау керек? Құжаттар керек? Сол жұмысты бүкіл есеп жағынан, бизнес-план жағынан көмек жасайды.

Облыста 27 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі кісі есепте тұрса, жұмыспен қамтылғандар үлесі 40 процент шамасында. Дені әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасы бағдарламасымен құрылған. Келер жылы бұның қатары кәсіп ашқандармен толығады. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров