Қайрат Келімбетов мобильді ақша аударымдарын ынталандыруға шақырды

Ал жеке тұлғалар арасындағы аударымдарға салық салынбайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың мәліметтері жалпыға бірдей декларациялау аясында банктерден 2025 жылы қабылдана бастайтынын мәлімдейді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің басшысы Қайрат Келімбетов те мобильді аударымдарды ынталандырып, дамыту керек деген пікірде. Бұл туралы ол «Национальный интерес» бағдарламасының студиясында Ерлан Бекхожинге берген сұхбатында айтты. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің басшысы Қайрат Келімбетов мобильді ақша аударымдарына қатысты ой бөлісіп, нақты көзқарасын білдірді.

Қайрат Келімбетов, ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы:

– Kaspi.kz жаңа экожүйе, Маркетплейс және оның түрлі қызметтерін қазақстандықтар жиі пайдаланады. Айталық, коммуналдық, мемлекеттік қызметтер үшін, кинотеатр мен дүкенге барғанда төлем жасайды. Бірақ кәсіпкерлер өз бизнестеріне басқа бағытта қолдана бастады. Kaspi. kz сәтті жоба. Мемлекет басшысы оны бірнеше рет мысал ретінде айтты.

Демек, түсіну керек. Қолма-қол есеп айырысуға оралуды ешкім көздемейді. Керісінше, кез келген мемлекет электронды ақша айналымын дамытуға күш салады. Оның үстіне телефонның көмегімен әп-сәтте төлем жасауға көпшілік те үйреніп қалған. Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай,  жеке тұлғалар арасындағы ақша аударымдарына салық салынбайды, бәрі бұрынғыдай қалады. Клиенттердің мәліметтері салық органдарына берілмейді. Бұл мәлімет «Банктік құпия» туралы Заңмен қорғалады.

Қайрат Келімбетов, ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы:

– Компания Лондон қор биржасы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында екі листинг өткізді. Бұл экожүйенің құны 27 миллиард доллар. Бұрын елдегі шағын банктің бірі еді, бүгінде  әлемдегі ең ірі қаржылық платформаға айналды. Біз финтехплатформаларды қолдаймыз. Қазір біз қолма-қол ақша төлемдеріне негізделген экономикадан қолма-қол ақшасыз экономикаға көшу кезеңіне аяқ бастық. Мұны мен нақты айтуым керек және бұған «Kaspi.KZ» зор үлес қосуда.

Қазақстанда жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін салық төлеуден босатылған. Сондықтан әлдебір жаңа төлемдерден қорқуға негіз жоқ. Мобильді аударымдарды әдеттегідей қолдана беруге болады.

Айта кетейік, сұхбаттың толық нұсқасын бүгін 22: 30-да Хабар арнасынан «Ерлан Бекхожинмен Национальный интерес» бағдарламасынан көрсетеді.

Авторы: Назерке Тоқжан