СҚО агроөнеркәсібін дамытуға былтыр 50 млрд теңге субсидия берілген

Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік жылдары 100-ден аса ауыл шаруашылығы кәсіпорыны ашылды. Бүгінгі таңда олар отандық нарықты табиғи таза өніммен қамтып ғана қоймай, экспортқа да шықты. Былтыр қайта өңдеу кәсіпорындары 120 млрд теңгенің азық-түлігін шығарды.

Берік Жиеншінов Привольное ауылында тұрады. Жақында мұнда заманауи тауарлы – сүт фермасы іске қосылды. Оның арқасында ондаған адам тұрақты жұмыс тапты.

Берік Жиеншінов, шаруашылық жұмысшысы:

- Привольное ауылында туып өстім. Ферма ашылғасын осында ауыстым. Жұмыс ұнайды. 120 мың теңге аламын. 

Бұл жер бұрын жазық дала болатын. Жаңа ферманың салынуына 2 млрд теңгеден аса ақша жұмсалды. Оның жартысына жуығы жеңілдетілген несие ретінде берілді. Заманауи кешенде тәулігіне 3 мың тонна сүт сауылады.

Манат Ғабдулин, серіктестік директоры:

- Солтүстік Қазақстан облысында сүтті мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Оған әрине мемлекеттің зор қолдауы оң ықпал етіп жатыр. Төмен процентпен несиелер беріледі. Онсыз тауарлы – сүт фермасын сала алмайтын едік. 

Тоқсаныншы жылдары сиырлар қолмен ғана сауылатын. Малдың да күйі нашар еді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысына алыс, жақын шет елдерден 3 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Өңірде 13 мың басқа арналған бордақылау алаңдары салынып жатыр. Сүтті бағытының да беталысы жаман емес.

Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы

- Тек соңғы 3 жыл ішінде облысымызда 12 сүт өндіру фермасы іске қосылды. Олардың құрылыс қарқыны айтарлықтай өсуде. Биыл өңірде 9 мың басқа арналған 16 сүт кешені салынды. Жылдың соңына дейін 10 ферма іске қосылады. 

Тәуелсіздік жылдары жергілікті шаруаларды қаржылай қолдау шаралары да еселеп артты. Мысалы, былтыр аграрлы аймақтың агроөнеркәсіп саласын дамытуға 50 млрд теңге субсидия берілді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов