456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қызылорда облысында көптен күткен шыны өндіру зауыты іске қосылды

  • 252
  • UPD: 22:34, 08.12.2021

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік және өндірістік нысан пайдалануға берілді. Шара мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірге жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының төрағасының қатысуымен өтті. Мәулен Әшімбаев азаттықтың ақ таңы атқан айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты кештің арнайы қонағы болып, еңбегімен ерекшеленген сырбойлықтарға мемлекеттік наградалар табыстады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жұмыс сапары сырбойылықтарға жаңа пәтер кілттерін табыстаумен басталды. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Сырдарияның сол жағалауынан салынған 50 пәтерлі үйге апатты нысанда өмір сүріп келген тұрғындар қоныстанды. Сонымен қатар бүгін жаңа спорт кешені де алғашқы келушілерін қабылдады. 10 секция бойынша бір мезетте 800 адам жаттыға алатын нысан мемлекет пен жеке меншік әріптестіктің жемісі болып саналады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Cыр еліндегі ауқымды жобалардың бірі - шыны зауыты іске қосылды. Сенат Төрағасы мен облыс әкімі жылына 200 мың тонна өнім шығаруға қауқары бар кәсіпорынның пешін іске қосу рәсіміне қатысып, ел игілігіне бағытталған өндіріс ошағының жұмысына сәттілік тіледі.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:

- Отанға керек қажеттілікті осы зауыттан алатын болса, ішкі инвестиция болып саналады. Елімізде қаржы қалады деген сөз. 30% дейін шыны сыртқа экспортталады деп жоспарланып отыр. Композит, айна зауыты жоспарланып, қазір келісім-шарттар жасалып жатыр. Бұл кезде 500-ден астам жұмыс орыны болады.

Жалпы Тәуелсіздік алғалы бері өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды.

«Осы жылдар ішінде Қызылорда облысы қарқынды дамып, қазір маңызды индустриялық және аграрлық өңірге айналды», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық саясатының арқасында барлық сала жүйелі түрде дамыды. Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жетекшілік етуімен елімізде саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа легі басталды. Өңірлерді дамыту мәселесі, оның ішінде Қызылорда облысын өркендету Президенттің тікелей бақылауында. Осының арқасында Сыр елі Тәуелсіздіктің 4-онжылдығымен бірге дамудың жаңа белесіне нық қадам басады деп сенеміз. 

Мерекелік шарада ел дамуына үлес қосқан өз саласының майталман азаматтарына Мемлекеттік наградалар мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған медальдар табыстады. 

Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы