Алматыда жыл басынан бері 55 мың жұмыс орыны ашылды

Алматыда жыл басынан бері шағын бизнесті несиелеу 1,4 есеге өсіп, 55 мыңнан астам жұмыс орыны ашылды. Қазір қаладағы жұмыссыздық 5,1%-ті  құрайды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Сондай-ақ үшінші тоқсанда орташа жалақы 20%-ке өсіп, 283,7 мың теңге болған.

Бірінші жартыжылдықта Алматы экономикасы 5,5%-ке өсіп, 5,8 трлн теңгені құрады, деді қала әкімі. 10 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 15% өсіммен 873 млрд теңгеден асқан.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Бюджетке түсетін түсімдер 28,7%-ке, 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Құрылыста 22,2% өсім қамтамасыз етілді.  Бөлшек сауда көлемі 12,7%-ке артып, 3,3 трлн теңгені, көтерме сауда 2,3%-ке яғни 8,7 трлн теңгеге дейін жетті. Өнеркәсіпте 18 процент өсім қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін Индустриялық аймақта 4 жаңа жоба іске қосылу және 519 жұмыс орынын ашу жоспарлануда.

Білім беру саласында 360 орынды 3 мемлекеттік балабақша салынды. Және 4,7 мың орынды 72 жекеменшік мектепке дейінгі мекеме ашылды.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- 8 мемлекеттік мектеп салынуда,оның үшеуі жыл соңына дейін тапсырылады. Жыл соңына дейін 8,2 мың орынға арналған 17 қосымша құрылысты пайдалануға беру жолспарланса, оның 11-інде балалар оқып жатыр. Бұдан басқа оқу жылының басынан бастап 13 жекеменшік мектеп ашылды. 

Қазір мегаполисте көп салалы жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу орталығының құрылысы басталды. Бұдан бөлек 3 емхана, 9 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 2 модульдік КТ-орталығы салынып жатыр. Жалпы биыл Алматыда 55 мыңнан аса жұмыс орыны ашылды. 

Наргиз Бекмағанбетова