Жылтырағанның бәрі алтын емес

Елде жыл басынан бері зергерлік бұйымдардың саудасы мен сапасы бойынша 300-ден астам қылмыс жасалған. Ал анықталмай қалғаны қанша? 

Зергерлер лигасы өкілдерінің айтуынша, нарықта бірыңғай бақылау жоқ. Алтынды елге контрабандалық жолмен тасиды-мыс. Астыртын әкелген соң оны халық сом алтын ба, жез бе, айыра да бермейді.  

Қазақстандағы зергерлік өнеркәсіптің 90 проценті көлеңкелі экономикада. Нарықтағы сауда айналымы жылына шамамен 300 млрд теңге бодады. Бұйымдардың сапасына қатысты шағым көбейген. Өндіріске жұмсалатын ақшаны үнемдеу үшін әшекейді алтыннан емес, мыс пен мырыштан, қорғасыннан, сүрмеден және басқа химиялық бөлшектерден жасайтын көрінеді. Құрамында қымбат металл атауымен жоқ болуы мүмкін. Сорақысы сол, шикізатты екінші нарықтан сатып алады, дейді мамандар.

Қайсар Жұмағалиев, Қазақстан зергерлері лигасының төрағасы:

- Қазақстан аумағында сатылатын барлық зергерлік бұйымның қазақстандық сынамасы жоқ. Өнімдер сынамалық қадағалау палатасына өткен жағдайда, алдын ала белгіленген талапқа сай болмай шығады. Көп жағдайда 585-сынама деп жалған көрсетіледі. Тіпті кейбір алтын деп көрсетілген бұйымның құрамында алтын болмауы мүмкін. «Аленушка» деген ресейлік сауда белгісі бар, бірақ сыртында Италияда өндірілген деп жазылған және 585-сынамалы деп көрсетілген тауарлар да кездескен. Толған өтірік. Шынтуайтқа келгенде Шымкентте өндірілген болып шығады. Бізге осы жөнінде бірқатар тұтынушы өз шағымын айтты. Өкінішке орай, бұл саладағы отандық нарықтың 99 проценті барып тұрған контрабанда мен бейберекет өндіріс.

Қазақстанда кем дегенде 5 цех жасырын түрде жұмыс істейді. Айына 1 тоннаға дейін өнім өндіреді. Тауарлардың ешқандай сынамасы да, сертификаты да жоқ. Жоғары сапасына да кепілдік бермейді. Зергерлердің айтуынша, тұтынушылар жалтыраған тауардың таңбасын көріп алданып жатады. Мәселен, Еуропадан жеткізілген алтын бұйымда ТМД елдеріне ортақ сынама белгіленбейді. Италияда асыл тастарды өлшейтін қарат жүйесі қолданылады.

Альфред Минибаев, зергер:

- Кейде сапасы сын көтермейтін құнды бұйымдармен жұмыс істеуге тура келеді. Көп жағдайда өндірушілер материал жағынан үнемдейді. Құр технологиялық өндіріс. Артынша өңдеуге келмейді. Қымбат деген заттың арзандығы осындайда байқалып қалады. Сондықтан әшекейді әлемге белгілі әрі сенімді өндірушіден сатып алған жөн. Күмән туса, сол жердегі зергерге көрсетіп, сапасын тексеріңіз. Ломбардқа барып спектрлік талдау жасатуға да болады.

Қазақстанда сынамалық таңбасы жоқ және сараптама жүргізілмеген сәндік заттарды сатуға заңмен тыйым салынған. Бірақ бұл талапты сақтап жатқандардың қарасы аз. 2019 жылы жоспардан тыс жүргізілген жаппай тексеру кезінде 500-ден астам заң бұзушылық әшкере болды. Бейресми статистика бойынша былтыр жағдай одан бетер ушықты. Пандемия кезінде интернет-дүкендердің жұмысы қызып, тапсырыс берген тауары қолына жетпей, ақшасын әккілердің шотына аудара салғандар жиіледі. 

Гүлзат Нұрбаева, Мемлекеттік бақылау басқармасы комитетінің бас сарапшысы:

- Кәсіпкерлік субьектілері өз өнімдерін сырттан әкеліп, тиісті сараптамалық актсыз саудалап жатқанын растайтын деректеріміз бар. Оларға біз соны айғақтайтын қорытынды шығарып бердік. Бірақ көбі біздің ескертуге мән бермейді. Олар біздің хаттарға жауап беріп жатқан жоқ. Бірақ сараптама қорытындысына жауап бермеудің өзі заң бұзушылық болып саналады. Қазіргі таңда шағын бизнесті тексеруге тыйым салатын мораторий бізге қолбайлау болып отыр.

Келер жылдан бастап елімізде акциздік марка жүйесі бойынша зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалаудың пилоттық жобасы іске қосылады. Бірақ мұның да мәселені шешуі екіталай. Өйткені отандық зергерлердің кейбірі жаңашылдықтан саладағы өзге бәсекелестері ұтады деп ойласа, кейбірі нарықтың тамырына қан жүгіріп, тұтынушылардың құқығы қорғала бастайды деп санайды.

Мирлан Алтынбек, Анна Шолгина, Аманжол Байғазин, Артур Горшняков