456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Мемлекет басшысы микрочип өндірісін бастауды ұсынды

  • 235
  • UPD: 18:40, 10.12.2021

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында микрочип өндірісін бастауды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24». Қасым-Жомарт Тоқаев одақтың машина құрастыру саласына жаңа бірлескен кәсіпорын қажеттігін айтты.

Әлем бойынша электронды қызметтер мен өнімдерге сұраныс кейінгі үш жылдан бері артып келеді. Инновациялық әрі технологиялық бұйымдар жасау секторында, қызу бәсекелестік жүріп жатыр. Бірақ микрочип пен компьютерлік элементтердің жетіспеушілігі байқалады. Оның салдарын біздің елдердің машина құрастыру саласы көріп отыр. Сондықтан одақ тарапынан осы салада бірлескен кәсіпорын құру бастамасы көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтердің ғылыми-зерттеу институттарымен бірігіп, аталған жобаны қолға алу керектігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір әлемдік нарықта машина құрастыру саласы кейбір тауарлардың жетіспеушілігімен кездесіп отыр. Микрочип пен компьютерлік элементтер тапшы. Біздің елдердің кәсіпорындары да осы мәселемен бетпе-бет келді. Сондықтан осы салада бірлескен кәсіпорын құруды ұсынамын.

Президенттің бұл ойымен Беларусь басшысы Александр Лукашенконың бастамалары да ұқсас. Бірлескен кәсіпорындар құру – одақ мүшелерінің стратегиялық мақсаты. Оның үстіне қазір Беларусь үшін қиын кезең. Мемлекетке сыртқы нарықтардан сан түрлі санкциялар салынып жатыр. Импортты алмастыруға Беларусь бизнесі де мүдделі.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

– Әріптесім Қасым-Жомарт Тоқаевқа және биыл кеңеске төрағалық еткен Қазақстанға атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын. Біздің елдер қабылдаған стратегияға сәйкес бірлескен кәсіпорындарды құру үдерісін үдетуіміз қажет. Әлемдік нарықта сұранысқа ие тауарларды көптеп өндіргеніміз абзал. Осы бағытта жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асырып, дәстүрлі нарықтарымызды заманауи тауарлармен қамтуға міндеттіміз.

Хабар 24 телеарнасы