Елімізде ұлттық валютаның жаңа түрі пайда болуы мүмкін

Келер жылы елде ұлттық валютаның жаңа түрі пайда болуы мүмкін. Бұл цифрлық теңге. Инновациялық өнім қолма-қол және төлем түрінде есеп айырысатын ақшамен қатар жүреді.

Сөйтіп, цифрлық ақшаның артықшылықтары қандай? Кемшілігі бар ма? Теңгенің үшінші формасы экономикаға қалай әсер етеді.

Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу бойынша пилоттық жобаның бірінші кезеңін аяқтады. Онда Қаржы ұйымы цифрлық валютамен сатып алу, ақша аудару қалай жүретінін зерттеп көрген.

Ғалымжан Айтқазин, «Tengenomika» телеграм-каналының авторы, сарапшы:

- Бұл жаңа бірыңғай төлем жүйесіне айналады. Фиатты ақшаның жаңа түрі.  Оны қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз қатар ұсақтауға болады. Цифрлық теңгенің өзгелерден ең басты айырмашылығы – ол криптовалюталарды жасайтын платформаға ұқсас жаңа технологияға негізделген. Бірақ біздің цифрлық теңгеге Ұлттық банктен қолдау болады. Яғни Ұлттық банк эмиссияға және оның жұмыс істеуіне кепілдік береді. Сондықтан бұл сенімді төлем құрал болуы әбден мүмкін.

Өз баяндамасында Ұлттық банк цифрлық теңгенің артықшылығын тізіп шықты. Біріншіден, оны телефондағы цифрлы әмиянда токен түрінде сақтауға болады. Сондай-ақ офлайн-режимде төлем жүргізіп, транзакция туралы мәліметтерді бәрінен жасыруға мүмкіндік бар. Экономистер бұл тізімге тағы бір артықшылықты қосты.

Ғалымжан Айтқазин, «Tengenomika» телеграм-каналының авторы, сарапшы:

- Цифрлық теңгені нақты мақсаттарға бағыттау мүмкіндігі болады. Мысалы, егер мемлекеттік төлемдерді алсақ, мұндағы цифрлық активті басқа мақсатта қолдануға болмайды. Себебі ол токендерде мемлекеттік төлемдерге жұмсалу керек деп бағдарламаланған. Бұл цифрлық валюта артықшылығы деуге болады.

Жалпы қаржы секторында цифрлық валюта жаңа нәрсе емес. Халықаралық есеп айырысу Банкінің бағалауынша, 2020 жылы барлық орталық банктердің 80%-і цифрлық валюталарды жасай бастаған немесе осы мүмкіндікті зерттеген. Мысалы, Қытай Халық банкі 2020-да мемлекеттік цифрлық валютаның пилоттық жобасын іске қосты, ал 2022 жылы оны толық айналымға енгізбек. Ресей банкі де 2022 жылдан бастап цифрлық рубльді енгізуді жоспарлап отыр. Енді бұл тізімге Қазақстан да қосылады. 

Константин Пак, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қаржылық технологиялар секторының директоры:

- Барлық цифрлық әмияндар сайып келгенде Қазақстанның орталық банкінде, яғни Ұлттық банкте сақталады. Барлық транзакциялар Ұлттық банкте жүзеге асырылады. Бұл ақпарат тек орталық банктің ішінде жүреді. Теориялық тұрғыдан егер қандай да бір алаяқтық транзакциялар жасалса, оны тез зерттеуге мүмкіндік бар.

Ал қолма-қол ақша қазір сирек пайдаланады. Осының өзі инновациялық өнімдерге жол ашады. Бірақ  криптовалютаның көлеңкелі тұстары да бар екенін ескеру керек. Соның бірі оның экономикаға қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Өйткені әлемде мемлекеттік криптовалютаның баламасы жоқ. Тіпті Қытай мен Еуропа елдерінде де бұл тек пилоттық жоба. Олар да бұл цифрлық валютаның қалай жұмыс істейтінін тексеріп жатыр. Ал бізде цифрлық теңгенің үлгісі 2022 жылдың шілдесіне қарай дайын болмақ. 

Ғазиза Мұхамеджанова, Ерзат Зайытхан