Балқашта жас кәсіпкерлерді қолдауға 43 миллион теңге грант берілді

Балқаш қаласында жас кәсіпкерлерді қолдауға 43 миллион теңге грант берілді. Бизнес жобалар әр саланы қамтиды. Қызмет көрсетушілер де өнім өндіруді қолға алғандар да бар. Сөйтіп, қаражат иесін тапты. Ал сол ақшаны алған азаматтардың ісі оңға басты ма? Қәсібі қалай дамып жатыр?

Жасы 20-дан енді асқан Жанна Сламқұлованы Балқаш қаласының тұрғындары жақсы таниды. Ісмер келіншек үйінде тапсырыспен киім тігіп келген. Кейін кәсібін дамытпақ болып, БҰҰ шағын қалаларды дамыту бағдарламасына өтініш береді. Сөйтіп, 2 миллион теңге грант ұтып алып, тігін машиналарын сатып алған әрі шағын цех ашады. Ал санаулы күн бұрын облыс әкімінің грантына ие болды. Енді 1 миллион теңгеге киім пішетін заманауи қондырғы алуды жоспарлап отыр.

Жанна Сламқұлова, жас кәсіпкер:

- Программаға забивать етеміз. Қандай бізге фасон керек, қандай размерлер керек, қандай тканьдар керек. Ол меховой алады, органза алады, бүкіл тканьды алады. Өзі лазермен крой жасайды. 

Жаннаның қолынан шыққан киімдерге сұраныс жоғары екен. Жас болса да өзіндік бренд қалыптастырып үлгірген. Әзірге өнімін тек Балқашқа өткізеді. Кейін ел нарығына шығуды көздеп отыр.

Әсем Кемелбекова, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Бізде Балқашта мынадай брендтер тігетін, спортивный, оверсайз киімдер тігетін жоқ. Осы Балқашта бірінші рет ашылған соң постоянный клиент болып келіп тұрамыз. Сапасы жақсы. Бұл кісіге сенеміз да, қолдан жасамайды.   

Балқаш қаласында тек соңғы 3 жыл ішінде кәсіп ашамын деген жастарға 43 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы берілген. Ол ақшаға шаштараз, дәмхана, демалыс орындары, тігін цехы, гидропоника дайындайтын кәсіпорын секілді бірнеше бизнес жобалар жүзеге асыпты.

Ирина Федерова, Балқаш қаласы жастар ресурстық орталығының директоры:

- Қаламыз жыл сайын көркейіп келеді. Оған жастардың үлесі зор. Балқашта кенже қалған саланы қолға алып, бизнесін дамытып жатқандар жетерлік. Тек қызмет көрсету саласы емес, өндірістік жобаларды қолға алғандар да бар. Біз әрине ондай кәсіпкерлерге қолдау білдіреміз. Қайтарымсыз қаржы беріледі.

Айтуларынша, кәсіп ашқысы келетін жастар көбейген соң жыл басында берілген 10 миллион теңге жетпей қалып, тағы сондай ақшаға тапсырыс берілген. Жуық арада жеңімпаздарға үлестірілуі тиіс. Тек биылдың өзінде грант алған жастар 10 адамды жұмыспен қамтыпты.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев