Қостанай облысының халқы Алматы-Екатеринбор жолының бойында кәсібін дөңгелетіп отыр

Жол бойында табыс мол. Қарабалық ауданының іскер азаматтары қызмет көрсетудің оңтайлы жолын тауып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Елді мекен жанынан өтетін Алматы-Екатеринбор тас жолының бойында соңғы жылдары ондаған қызмет көрсету нысаны ашылды. 

Жеті жыл бұрын Марат Айтқазинов ашқан шағын кафе қазір ірі көлік-логистикалық орталыққа айналды деуге тұрарлық. Мұнда техникалық қызмет сервисі, көлік жуу, автотұрақ, қонақүй мен шағын маркет орналасқан.

Марат Айтқазинов, кәсіпкер:

- Сұраныс әрине бар. Қараңыздаршы автотұрақта орын жоқ. Есесіне біздің аудан шекараға іргелес орналасқан. Салыстырмалы түрде айтсам, біздің кемпинг жұмысы шағын әуежай іспетті. Адамдар толассыз келіп-кетіп жатады. Түнеп, жуынып, тамақтанады. Ойлаған мақсатымыз толық жүзеге асты деп сеніммен айта аламын.

Кемпинг қызметіне тәулігіне 100 адамдай жүгінеді. Олардың дені ТМД елдерінен келген алысқа қатынайтын жүргізушілер. Қиыр шетелден келетін тұрақты клиенттер де баршылық.

Светлана Сүлейменова, кемпинг әкімшісі:

- Орталық Азия, Латвия, Литва, Беларусь, Украина, Ресейден келіп жатады. Алыс Польша, Германиядан сапарлайтындар да кездеседі. Жақында Франция азаматы бізде біраз күн бойы жатты. 

Николай Ефановтың жүк көлігін тізгіндеп жүргеніне 12 жылдан асты. Жолда неше түрлі азап көрген ол қазір анағұрлым ыңғайлы болғанын айтады. Әсіресе қыста жөндеу жүргізетін жылы тұрақтардың пайда болғанына дән риза.

Николай Ефанов, жүргізуші:

- Бұрын қатты аязда сынып қалсақ, көлікті жолда жөндеп азап көретінбіз. Ал қазір бұның бәрі артта қалды. Кез келген жабық тұраққа кірсең болады.

Ай сайын Шымкенттен Ресейге үш рет қатынайтын Фазылжан Рустамбеков те әріптестерін құптайды. Кемпингтің ашылуымен жол үстіндегі бірқатар күрмеуі қиын мәселе шешілгенін айтады.

Фазылжан Рустамбеков, жүргізуші:

– Жолдың бойында тоқтап, өзіміз тамақ істеп, жуынатын жер жоқ. Баклажкамен жуынып. Солай жүргенбіз. Қазір қалай рахат боп қалды. Көлік сынатын болса, Қостанайға бару керек немесе Шымкентке тапсырыс беру керек. Машина алып келгенше осы жерде жатып демалатын жер жоқ.

Қарабалық ауылының жанынан халықаралық тас жол өтеді. Соңғы бес жылда оның бойында жанармай құю бекеттері, қонақүйлер мен кафелер салынды.

Елена Лёвина, Қарабалық ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бұл бағыттағы тас жолы жылдан-жылға белсенді дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер қолдауға ие боп жатыр. Өз ісін бастаймын дегендерге қайтарымсыз гранттар, тиімді несиелер қарастырылған.

Қазір Қарабалық ауданының 12 тұрғыны жол бойындағы бизнеске ден қойған. Алдағы уақытта олардың қатары ұлғая түспек. Өз ісін бастауға өтініш білдіргендер аз емес. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров