Бурабайда қысқы туризм тұралап тұр

Жыл сайын миллиондап емес, миллиардтап қаржы бөлінетін Бурабайда әлі күнге дейін қысқы туризм дамымай келеді. Әсіресе соңғы жылдары мұз қалашығы мен сырғанақ секілді ойын-сауық нысандары күрт азайған. Ал келушілер болса қыстың қызығын көптеп тамашалағысы келеді. Мәселеге не себеп?

Бурабай қыста да көркем. Қар жамылған сұлу өлкенің кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ мұнда келген адамның көп ұзамай тылсым табиғатқа деген қызығушылығы басылып, қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ойын-сауық түрлерін іздей бастайды. Алайда олар жоқтың қасы.

Алмат Сүттібаев, турист:

- Бурабайда жаңағы развлечениелер өте аз деп ойлаймын. Канатный дорогалар өте аз. Снегоходтар, шаңғы беретін пунктер өте аз деп ойлаймын. Менің ойымша, жеке кәсіпкерлер немесе местный акиматтар ақша құйып, развивать етсе, туристер көп болатын еді.

Валентина Ералиева, турист:

- Біз Бурабайда қызмет көрсету орындарының көп болғанын қалаймыз. Әсіресе балалар, ойын-сауық нысандары көптеп салынса. Ал қазір ондай ештеңе жоқ. Биыл әлі бір де бір рет шаңғы теуіп, конькимен сырғанамадық. Өйткені баратын жер жоқ. Ал жазда жақсы. Көп нәрсе болады.

Мұнда тіпті сырттан келген туристерді былай қойғанда, бұл маңайдың қуыс-қуысына дейін білетін жергілікті тұрғындардың өзі қысқы ойын-сауық түрлерін таба алмай жүр.

- С этой стороны я не встречал. Может там ближе поселку побольше есть. А тут никого и ничего нету...

Жалпы Бурабайға жыл сайын 1 млн жуық турист табан тірейтін болса, солардың 30 проценттен астамы қыс мезгілінде келеді екен. Демек, сұраныс бар. Сондықтан саяхатшылардың қысқы ойын-сауық түрлерін талап етуі де заңды. Қыстағы туризмнің неге дамымай тұрғанын білу үшін жергілікті билік өкілдерін сөзге тарттық.

Сәбит Мұқанов, Бурабай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Иә, қыс мезгілінде бізде туристер азайып, қызмет көрсету нысандары кемитіні рас. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлермен кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Мәселен, бір қонақүйге туристер келіп орналасса, оларға қай жерде сырғанақ, шаңғы және басқа да ойын-сауық түрлері бар, сол туралы ақпарат ұсынылады. Ал өз тарапымыздан қысқы спортты дамытуды ойлап отырмыз. Туристер бізде мереке қарсаңында көп болады. Мәселен, қазір отельдердің барлығы дерлік желтоқсан айына тапсырыс алған.

«Бізде қысқы ойын-сауық түрлері мүлдем жоқ емес» деген туризм саласының мамандары Бурабайдағы шаңғы базаларының бірін көрсетті. Бірақ оның өзі қазір жабық тұр. Себебі биыл қар аз, дейді олар. Әйтпесе туристерді асыға күтіп отыр.

Шалқар Смағұлов, демалыс орнының басқарушысы:

- Енді көбінесе жан-жақтан, мына бүкіл Қазақстан бойынша, Ресейден де келіп жатады. Бұл жерде ем қабылдайтын көп санаторийлер бар қасымызда. Сонда ем алуға, демалуға келген кісілер көбінесе осы біздің базаға келіп, шаңғы тебеді. Кешірек басталатын себебі осы қардың аздығынан. Бұл енді ауа райына байланысты, қарға байланысты. Негізі қар ерте жауған кезде ерте бастап кетеміз.

Алайда мұндай нысандар саусақпен санарлық. Онда да көбі демалыс орындарының аумағында. Яғни олар сонда тоқтағандарға ғана қолжетімді. Ал алаңдар мен орталықта қазір қоғамдық қыдыру орындары жоқ. Мұны жауаптылар карантинмен де байланыстырады. Себебі пандемияға дейін ондай жерлер болғанын айтады.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бірақ қандай жағдай болмасын Бурабайды көргісі келетіндер көп. Армандап жүргендер қаншама. Мұнда тіпті, шекара асып, шет елден келетіндер де бар. Бір білетініміз, курортты өлкеде қысы-жазы кісі аяғы үзілген емес. Бурабайдың міне, осындай тылсым қасиеті бар. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко