Елімізде арнайы экономикалық аумақтың әлеуеті артып келеді

Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарда өндірілетін тауарлардың 75 проценті Елордадан шығарылады, деп хабарлайды Хабар 24.

Биыл мұнда 5 кәсіпорын ашылды. Отандық өнімдердің дені Қытай, Еуропа, Түркияға экспортталады.

Елордада шығарылатын парфюмдерді Ресей, Кувейт, Еуропаның бірқатар мемлекеті экспорттап отыр. 600-ден аса хош иіс ерлер мен әйелдердің көңілінен шыққан. Жылдан-жылға сұраныс артып, тұтынушылар географиясы кеңеюде. Жақында өнімнің алғашқы легі Катар мен Бразилияға жөнелтілмек.

Алексей Трушкин, зауыттың бас инженері:

– Жылына 2,1 млн иіссу құтысын шығармақпыз. Қазір кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Болашақта өндіріс автоматтандырылады. Бірақ жұмысшыларды да екі есе көбейтеміз. Қолданатын майларымыздың біраз өзіміздікі, біразын шеттен әкелеміз. 

Бұл ғана емес, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аумағында 55 кәсіпорын бар. Оның бесеуі биыл ашылды. Жыл соңына дейін тағы екеуі есігін айқара ашпақ. Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Швейцария, қазақстандық инвесторлар қолдаған өнімдердің 90 проценті сыртқы нарыққа шығарылады.

Бақытжан Досқазиев, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аумағының жетекшісі:

– Биылдың өзінде «Астана – жаңа қала» экономикалық аймағында 5 зауыт іске қосылды. Тағы 2 зауыт жылдың соңына дейін іске қосылады. Жалпы сомасын айтқанда 55 зауытқа 200 млрд теңге инвестиция тартылған. Соның ішінде 10 млрд теңге инвестиция биыл бөлінген.

Соңғы үш жылда Елордадағы арнайы экономикалық аумақта өндіріс көлемі 345 млрд теңгеден 800 млрд теңгеге, экспорт 3 млрд-тан 28 млрд теңгеге артты.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев