Биыл әкімдіктер қалалық маршруттарды субсидиялау үшін 75% артық қаражат бөлген

Ә.Смайылов жолаушылар автомобиль тасымалы саласын субсидиялау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Бизнестегі проблемалық мәселелер Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә.Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Жиын барысында «Атамекен» ҰКП өкілдері кәсіпкерлер көтерген бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, көлік тасымалы саласын субсидиялау және тозығы жеткен автобустардың мәселелері сөз болды. Биылғы жылы әкімдіктер қалалық маршруттарды субсидиялауға 2020 жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық қаражат бөлді.

Премьер-Министрдің орынбасары тиісті министрлікке тоқсан сайын әкімдіктердің қалалық жолаушылар көлігін дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін және субсидиялауды қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы заңнаманы іске асыруды тексеру жұмысын жалғастыруды тапсырды. Биылғы жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасында автомобиль көлігімен халықаралық жүк тасымалдауды дамытудың жол картасы қабылданған болатын. Осы құжат аясында жүк тасымалдаушыларын қолдау шаралары қалай жүзеге асып жатқаны айтылды. Соның нәтижесінде, уәкілетті органға Жол картасына енгізу үшін қосымша бизнес-ұсыныстар әзірлеу жүктелді. Сонымен бірге, халықаралық автомобиль көлігі операторларын 2025 жылға дейін жүк көлігі тартқышы үшін төленетін бастапқы тіркеу жарнасынан босату мәселесі көтерілді. 2020 жылдың 2 шілдесінен бастап 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін халықаралық жүк тасымалы үшін сатып алынған жүк көлігі тартқышы бастапқы тіркеу жарнасынанан босатылды. Бұл шараны 2025 жылға дейін жаңарту жоспарлануда. Заң жобасына бұл түзету келесі жылдың басында енгізіледі.

Еске салайық, пайдалану мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейінгі жүк көлігі тартқыштары үшін бастапқы тіркеу жарнасы 350 АЕК құрайды. 2020 жылдың қазан айынан бастап биылғы жылдың желтоқсан айына дейінгі кезеңде Ә. Смайыловтың төрағалығымен бизнестің проблемалық мәселелерін қарау бойынша 33 отырыс өткізілді. «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерімен бірге Үкімет 160-тан астам проблемалық мәселені қарады.