Түркістан облысында қуаңшылықтан қиналғандарға жеңілдікпен кредит беріп жатыр

Түркістан облысында қуаңшылықтан қиналған шаруаларға жеңілдетілген процентпен несие беріліп жатыр. Бұл қаржы мал баққан ағайынға төрт түлігін қыстан шығынсыз шығару үшін бөлінді. Келес ауданында 54 қожалық иесі өтініш беріп үлгірген.

Өңірдегі мал басын сақтау үшін берілген несие шаруаларға кәдімгідей көмек. Әйтпесе қуаңшылық салдарынан жаз бойы мал азығын дайындау мүмкін болмады. Жем-шөп те қымбаттап шыға келді. Нарынбай Мырзасейітов сол төмендетілген процентпен қаржы алғандардың бірі. Қысқы азыққа қажетті 1 миллион теңге алды.

Нарынбай Мырзасейітов, шаруа:

- Пайызы өте арзан. Жылына 1 миллион алсақ, 60 мың қосып береді екенбіз. Оны келесі жылы төлмен жауып тастауға мүмкіндік беріп тұр.

Ірі шаруа қожалықтары болса жаздың соңында дария мен су қоймаларына жақын маңға жайғасты. Ал әкімдік ұлттық парктердің аумағынан жайылым жер бөліп берді. 

Жаппар Әлтеев, шаруа:

- 1 сентябрь де әкеткенбіз. Содан әлі тоғайға жайып жүрміз. Ол жаққа айдамасақ күніне 50 пресс шөп шашуымыз керек. Есептей беріңіз. Әрекетке берекет осы жердегі халықтың алды Жетісайға, Қазығұртқа, Көксарайға кетті. Суармалы жерге жайып жатыр.

Несиеге өтінім беру қараша айында басталды. Келес ауданында 54 қожалық жетекшісі  микроқаржы ұйымына өтініш берген. Оның 15-і қаражатты алып, қыстың қамына кірісті.

Әзімхан Құрал, Келес аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:

- Шарттары кепілдік қорасы болса, нақты мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға береміз. Өтініш тастап жатқандар көп. Алдағы уақтта тағы да жалғасады.

Келес ауданында 600-ден астам шаруа қожалығы бар. Жекенің қолында да төрт түлік жетеді. Мамандардың есебі бойынша мал азығына 14 мың тонна жем-шөп қажет.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов