Сенатта саудадағы кедергілерді жою туралы келісім талқыланды

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, құжат келісімге қатысушы мемлекеттердің өзара саудасындағы техникалық кедергілерді жоюдың тәртібі мен шарттарын айқындайды. Заң жобасы Қазақстанда әзірленген стандартты үлгілерді сынақтар бойынша қосымша рәсімдер жүргізбестен мемлекетаралық стандартты үлгілер ретінде тануға мүмкіндік береді.

Құжатқа Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстан 2019 жылғы 25 қазанда Мәскеу қаласында қол қойды.