Солтүстік Қазақстан облысының балығы Мәскеуге экспортталды

Биыл жергілікті кәсіпкерлер Ресей нарығына 380 тонна өнім жіберді. Өңірде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша көлдер жеңілдетілген шартпен жалға беріле бастады.

Бұл Жалтыр көлі. Баяғыда таяз еді. Көктемгі тасқыннан кейін үлкейіп, балық көбейді. Қазір тереңдігі 4 метр. Бүгін балықшылармен бірге біз де көлге бет алдық.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Міне біз қазір екі көлікпен мұздың үстіне шығып, балық аулауға кетіп бара жатырмыз. Мамандардың айтуынша, мұздың қалыңдығы 40 сантиметр.

Бұл көлді кәсіпкер Владимир Пьянков 49 жылға жалға алып, балықтың сиг, тұқы секілді бағалы тұқымдарын көбейтіп жатыр. Қыстың күні осылай ау құрып ұстайды.

- Ну рыба как бы в воде сильная. Сопротивление сильное оказывает. Где-то уже рядом.

Бұл осыдан 3-4 жыл бұрын жіберілген тұқылар. Үлкендері 8 келіге дейін тартады. Кәсіпкер оларды қыс бойы қалаға апарып сатады.  

Владимир Пьянков, кәсіпкер:

- Мынау нағыз тауарлы балық. Көздеген мақсатымыз да осы. Көлге бұған дейін болмаған сиг тұқымдас және тұқы секілді балықтардың құнды түрлерін жібердік. Олар дәмді әрі әрқашан сұраныста болады. 

Биыл Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданды. Өңірде оны жүзеге асыру үшін осындай тауарлы көл шаруашылықтары құрылып жатыр. Осы жылы солтүстіктің балығы Мәскеуге де жетті.  

Амангелді Қажығалиев, «Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ бас маманы:

- Биылғы жылы 743 тонна тауарлық балық өсірілді. 380 тонна тауарлық балық шетелге экспортталды. 

Енді балық шаруашылығы да субсидияланады. Бұдан былай шығынның тең жартысы мемлекет есебінен өтеледі. Өңірде 2030 жылы 10 мың тонна тауарлы балық аулау межеленіп отыр. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов