Тауарды таңбалаудағы өзгеріс балаларды отандық аяқ киімсіз қалдыруы мүмкін

Карантин кезінде Шығыс қазақстандық кәсіпкерлер біраз қиындық көрді. Шекараның жабылуы, тауарлардың кешігіп жетуі әуреге салды. Тауарларды таңбалау талабының өзгеруі де жығылғанға жұдырық болды.

Соған қарамастан өңірде жаңадан кәсіп ашқандар көбейді. 8,5 мыңнан астам бизнес нысаны тіркелді. Облыс орталығында балалар аяқ киімі өндірісі іске қосылды.

«Алайда карантиндік шектеулер мен тауарды таңбалаудағы өзгеріс, кәсіпті дамытуға кедергі», - дейді кәсіпорын басшылары. 

Мария Можевикина үш баланың анасы.Сондықтан болар балалар аяқ киімінің сәніне ғана емес, сапасына да  назар аударады. Бұрын біреудің өнімін өткізіп келген әйел кейіннен өз өнімін шығаруға бел буыпты. Өйткені шеттен келген аяқ киім қазақстандық балалардың өлшеміне сәйкес келе бермейді. 

- И лекала, которые используют итальянцы, или китайцы, они немножко нам, нашим детям не подходят.

Мұнда туфли, бәтеңке, жаздық, сонымен қатар биге немесе спортқа және үйге арналған жұмсақ табанды аяқ киімдер бар. Оның жартысы Ресейде шығарылса, қалғаны өзімізде тігіледі. Марияның «болашақта ірі кәсіпорын ашсам» деген жоспары бар.  Алайда пандемия салдарынан кәсіпкердің бұл ойы әзірге іске асар емес.

Мария Можевикина, кәсіпкер:

- Бізде ғимарат бар. Бірақ құрал-жабдықтарымыз тым қарапайым. Ал кәсіби сападағы машинкаларды алу үшін оны алдын ала көріп қарап алған дұрыс. Яғни Ресейге бару қажет. Ол жаққа жету қазіргі жағдайда оңай емес.

- Я даже не могу в Новосибирск съездить! Потому что водитель со мной не проедет. Потому что у него родственников нет!

Карантиндік шектеулер қаржыдан қақты. Кәсіпорынның тұралап қалған күні көп болды. Ал ес жиып, енді іске кіріскенде тауарды таңбалау талаптары өзгеріп шыға келді. Әсел Сейілханова жергілікті мекемелрдің бірінде бухгалтер әрі заңгер болып істейді. Айтуынша, бір жұп аяқ киімге құжат толтыру үшін бір сағаттан астам уақыт керек. Апта сайын құрамында осындай 6-8 жұп аяқ киім бар 70 айналым түседі. Әрқайсына ақпарат толтыру үшін бір ай аздық етеді.

Әсел Сейілханова, бухгалтер-заңгер:

- Қырық аталым бар, ол жерде біз аяқ киімнің асты, үсті, бауы, ішкі қабаты, қандай материалдан жасалғанын жазуымыз керек. Тіпті орамасы туралы, ол қағаздан ба, пластиктен немесе матадан ба, оны да көрсетеміз. Ол ораманы қандай баумен байлаймыз, оны да жазып, сызып көрсетеміз.

Соңында осы ақпарттың барлығы бір ғана штрих-код көрсетілген парақшаға айналады.

- То есть мы не можем определить, чей штрих-код, от какой это обуви!

Ал бұл штрих-код өнімдермен бірге болуы керек. Әйтпегенде оны өткізу қиындайдды. Егер таңбалау Ресейдегі таңбалаумен бір жүйеге келтірілсе, мәселе біраз жеңілдер еді. Өйткені ол жақта таңбалауды өндірушілердің өзі жүргізеді. Бұл ұсыныс әзірге талқыланып жатыр. Айтпақшы, сүт өндірісі бойынша таңбалауға қатысты жағдай ушығып, кейін оң шешім тапқан еді. Кәсіпкерлердің наразылығынан соң ел ішіндегі таңбалау тоқтатылған. Ал аяқ киім бойынша әзірге тек өндіріске қолдау көрсетіліп келеді.

Христина Дорошенко, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы:

- Біз облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп, жергілікті 13 жеңіл өнеркәсіпке қолдау көрсеттік. Арасында мектеп формасы мен аяқ киім тігетіндер де бар. Облыстық қазынадан бұл мақсатқа 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді.

Осылайша 44 мың аяқ киім өңірдегі аз қамтылған және көп балалы отбасындағы балаларға берілді. Дегенмен, таңбалаудағы талаптар реттелсе, отандық өнім өндірушілері үшін тағы да үлкен серпіліс болар еді, дейді кәсіпкерлер.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов