Мұнай компаниясында жұмыс істейтіндер мен шенеуніктер зейнетақы жинағынан көп ақша алған

2021 жыл қазақстандықтардың жадында елде жүргізілген реформаларымен есте қалмақ. Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін пайдалану құқығы берілгені де елеулі оқиға саналады. Жалпы жыл басынан бүгінге дейін қордағы қаржыны пайдалануға 730 мыңға жуық өтініш түскен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы бір жылда қалай іске асты? Қазақстандықтар бұл мүмкіндікті қалай пайдаланды?

Биыл 23 мың қазақстандық бір жолғы зейнетақы төлемін қолдана отырып, Отбасы банкінен қосымша несие алу мүмкіндігіне ие болды. Өкілетті оператор басшысының айтуынша, осылайша азаматтар 80 млрд астам қаржыны өз пайдасына жаратқан.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы:

- Яғни зейнетақы қорынан орташа есеппен 4 млн теңге алған. Сөйтіп, Отбасы банкіндегі тұрғын үй, аралық немесе алдын ала займдердің көмегімен шекті межеден асқан сомасын депозитке салып, одан кейін оған тағы өз қаржысын қосып үй алған. Бір қызығы, кейбір өтінімдер бойынша алғашқы жарналарды өзге банктерге құюға көмектестік. 9 мың 383 адам 7-20-25, Баспана хит және басқа да бағдарламалар бойынша алғашқы жарнаны өзге банктерге салған. Олар алған соманың орташа құны шамамен 3 млн теңгені құрады.

Жалпы жыл басынан бері баспана жағдайын жақсарту мақсатында бір жолғы зейнетақы төлемін алуға ұзын саны 729 мың 945 өтініш түскен. Оператор ретінде тағайындалған бес бірдей банк арқылы қазақстандықтар 2,5 триллионға жуық қаржы алған. Белсенділік танытқан тұрғындардың көш басында алматылықтар тұр. Одан кейін бас шаһардың тұрғындары. Маңғыстау, Қарағанды және Атырау облыстарының халқы да бұл мүмкіндікті есе жібермеуге тырысты.

Еске салсақ, 700 мың қазақстандық 2021 жылы зейнетақы қорындағы қаржысын баспана алуға пайдаланады деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауында айтқан еді. Меже артығымен орындалған сияқты. Бірақ қаржыны алу процедурасы халықты біраз әуреге салғаны да рас.      

Дәулет Төлеутай, экономикалық сарапшы:

– Нормалар көп өзгерді. Біресе үй алуға болады деді де, артынша ремонт жасауға болады деді. Сосын ремонтын алып тастайды. Одан кейін жер алуға болады деді. Жер алу үшін арнайы өзінің стройкасын жасау керексің деді. Оны алып тастап, қайтадан қосты. В общем, нормалары өзгеріп жатты. Сол халыққа кішкене қиындық тудырды.

Ия, әу баста шекті межеден асқан ақшаны тұрғын үй мақсатында жаратудың 4 шарты болған еді. 15 желтоқсанда оның саны 7-ге жеткізілді. Оның ішінде үлескерлік құрылыс келісім-шартын жасауға немесе үй сатып алуға; ипотеканың алғашқы жарнасы ретінде немесе оны толықтай не бір бөлігін өтеуге, тұрғын үй алу мақсатында ашылған депозитке аударуға сынды бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұған дейін жақын-туыстардың шотындағы қаржыны қолдану мүмкін болмайтын. Енді шекті межеден асқан ақшаны жұбайлардың туыстарынан да алуға болады. Бұған қоса, белгіленген мақсатқа қаржыны шоттан аудару 45 жұмыс күнінен 20 күнге қысқарды. Зейнетақы қорындағы жинақ ақшаны үй алуға жұмсау үшін сала сарапшысы Дәулет Төлеутайдан кеңес сұрағандар көп болған. 

Дәулет Төлеутай, экономикалық сарапшы:

– Шенеуніктерден де хабарласты. Ішінде 52 млн ақшасын алып, үй алды Алматыдан. Одан кейін есте қалғаны 45 млн алғаны адамдар болды. Көбіне Маңғыстау, Атырау облысы мұнай компаниясында жұмыс істейтіндер ақшасын алып жатты. Одан кейін Қарағандыдан көбірек хабарласты, әсіресе шахтерлардан көбірек сұрақтар келуде. 

Белгіленген мақсат демекші, емделуге қажет қаржы алу үшін 138 мыңға жуық өтініш түскен. Сондай өтініш бергендердің қатарында Ерзат Зайытхан да бар. 

Ерзат Зайытхан, қала тұрғыны:

- Құпия болмаса, қанша ақша шешіп ала алдыңыз?

– Мен 650 мың. Үш тісімді жасатамын.

– Барлығын да сол тіске жұмсайсыз ба?

– Ия, барлығын тіске.

– Ешқандай қиындық туындаған жоқ па алу барысында?

– Жоқ, ешқандай қиындық жоқ. Барлығын этап-этаппен істесең. Ешқандай қиындық жоқ.

Ем-домнан бөлек зейнетақы қаржысын қаржылық басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі бар. Әзірге бұған тек 4 мыңнан астам өтініш берілген екен. Жалпы 2022 жылдан бастап, зейнетақы қорынан ақша шешуге арналған жеткіліктік шегі өзгереді. Яғни есеп-шотта қалуға тиіс қаражат 1,8 есеге көп болуы шарт. Мемлекет басшысы қазіргі меже бойынша қаражатты алу мүмкіндігін келер жылдың сәуіріне дейін создырды.

Бақыт Топтаева, Ерзат Зайытхан