Қазақстанда микрокредиттер бойынша артық төлемнің шекті мөлшері азаяды

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев шағын несиелердің кейбір түрлері бойынша артық төлемнің шекті мөлшері төмендейтінін айтты.

«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық микроқаржы ұйымдары, оның ішінде онлайн-кредиттеу компаниялары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар және халыққа қарыз беретін басқа да заңды тұлғалар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеу периметріне енгізілді»,– деп жазды Ерболат Досаев депутаттық сауалға берген жауабында.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы ұйымдары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің міндетті лицензиялауынан өтетінін еске салды. Агенттік банктік және микроқаржы қызметін реттеу мәселелері жұмыстарын жүргізу аясында 2021 жылғы 15 наурызда жеке тұлғамен 45 күнге дейінгі мерзімге жасалған микрокредит шарты бойынша сыйақының шекті көрсеткішін 50 АЕК-ке дейін төмендетуге бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізді. «Азаматтардың борыштық жүктемесін одан әрі төмендету мақсатында Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 45 күнтізбелік күнге дейінгі микрокредит бойынша артық төлемнің шекті мөлшерін 50 АЕК-тен аспайтын мөлшерде екі есе, яғни микрокредит шартының бүкіл қолданылу кезеңінде берілген микрокредит сомасының 50%-іне дейін төмендету жөніндегі ұсынысын қолдайды», – деді Е. Досаев.