Қызылорда облысы тамақ өнеркәсібінде жобаларды жүзеге асырып жатыр

Салықты көбейтіп, бюджеттің бүйірін толтыратын бір сала бизнес еді. Бірақ пандемия кәсіпкерлерді жіпсіз байлап, бірқатары табыс таппақ түгілі көшеге шыға алмай қалғаны белгілі. 

Екі жыл бұрын Қызылорда облысы да өңірлік экономикалық жоспар әзірлеген. Онда шағын және орта бизнесті тығырықтан шығару тетіктері нақтыланған еді. Соның нәтижесі қандай болды? Алдағы жоспар қандай?

Бұл цехтың қуаттылығы тәулігіне 1 жарым тонна дайын өнім. Ет өнімдерінің 18 түрін шығарады. Бір ерекшелігі – қазақтың ұлттық тағамы қазыны өндіру үшін арнайы сертификатқа ие болған. Енді оны экспорттауды жоспарлап отыр.

Олег Ким, кәсіпкер:

- Италия, Франция, Америка, Араб Әмірлігіне қымбат бағамен өткізу жоспарымызда бар. Ол үшін қандай құжаттар әзірлеу керектігін де білеміз. Ең бастысы – шетелдік әріптестерге біздің табиғи таза ет өнімдері ұнады. Қазыны өндіру үшін елімізде ең бірінші болып сертификатқа қол жеткіздік. Бұның барлығын кәсіпкерлікті қолдау аясында жеңіл процентті несиенің көмегімен жүзеге асырып отырмыз.

Індет өршіген уақытта облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің 70 проценті жұмысын тоқтатқан. Осы тығырықтан тез шығу үшін өңірлік деңгейде арнайы 3 жылдық экономикалық жоспар дайындалды. Бұл ретте азық-түлік қауіпсіздігі өзекті болған еді. Мына балалар тағамын дайындайтын цех та қысылтаяң кезеңдегі маңызды жобалардың бірі болды.

Қуат Шәкизадаев, технолог:

- Бұл асқабақ пен сәбіздің пюресі балалар тамағына жатады. Бұл бұрын-соңды біздің облыста шықпаған өнімдер. Асқабақ та, сәбіз де дәрумені көп тағамға жатады. 

Бизнес қарқынын бәсеңдетіп алмау үшін мемлекет тарапынан да қолдау болғаны белгілі. Несиенің проценттік үстемелері кеміп, салықтық жеңілдіктер жасалды. Жаңа жобалар өңірлік деңгейде де қолдау тапты.

Фердауси Қожабергенов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

- Оның ішінде бірінші кезекте азық-түлік өндірісіне бағытталған жобаларды қолдауға байланысты бағдарламалар қабылданып, соның бірі төмендетілген 2 процент көлеміндегі несиемен бүгінге 400 млн теңге несие бөлініп, 14 жоба қолдау тапты.

Қызылорда облысында соңғы екі жылда 11 млрд теңгенің 171 жобасы іске асырылып, 1 мың 600 жұмыс орыны құрылған. Биыл шағын және орта бизнестің өңірлік өнімдегі үлесі 15 процентті құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 процентке дейін жеткізу қажет. Мамандардың ендігі межесі осындай.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхаммед Байділдаев