Утилизация алымын жинайтын «Оператор РОП» жұмысы тоқтатылды

Президент осы жиында көптің шымбайына батқан тағы бір мәселеге назар аударды. «Утилизациялық алым сомасын азайтыңдар» деп, жаңа құрылған үкіметке тапсырма жүктеді. Сосын министрлердің, әкімдер мен депутаттардың жалақысын 5 жыл бойы өсірмейміз деп кесіп айтты. Елдің тұрмысын тіктеуге бағытталған жаңа бағдарлама әзірлеуді міндеттеді. Ол қашан дайын болады?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Утилизациялық алымды жинайтын «оператор РОП»-тың жұмысы тоқтатылды. Көптің наразылығын тудырған жеке кәсіпорынға қатысты тапсырманы бүгін үкіметке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Енді бұл іспен мемлекет айналысады. Утилизациялық алым сомасы да қайта есептеледі. Ал түскен қаржы есебінен Қазақтанда жаслаған көлік сатып алғандарға ваучер беріледі. Бұдан өзге де жеңілдік түрлерін қарастыру жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс.

LRT - ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖОБАСЫ

Ал жұрттың көзіне күйік болған ЛРТ бір кәдеге жаратылады. Қаздай тізілген қадаларды сүріп тастауға обал. Себебі қанша қаржы мен уақыт жұмсалды. Енді отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны іске асырудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа жол жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісім-шарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Одан сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұр.

ДЕПУТАТТАР МЕН ӘКІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ 5 ЖЫЛ ӨСПЕЙДІ  

Алдағы 5 жылда депутаттар мен министрлердің жалақысын арттыруға тыйым салды. Ал әкімшілік және бюджеттік салада қызмет ететіндердің еңбекақысы қазынадағы қаржының көлеміне қарай кезең-кезеңімен өседі. Осылай деген мемлекет басшысы соңғы жылдары халық табысында алшықтық көбейіп, тұрғындардың банк алдындағы берешегі артқанына алаңдаушылық білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын.

ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС ҚАБЫЛДАНАДЫ  

Тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бағдарлама әзірленеді. Құжатта қолдаудың кімге қалай берілетіні тайға таңба басқандай анық болуы тиіс. Соның аясында жұмыспен қамтуды қажет ететін азаматтардың нақты саны анықталады. Президент Үкіметке Атамекен Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, бағдарламаны екі ай ішінде әзірлеуді жүктеді. Бұған қоса әлеуметтік кодекс қабылдануы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет әлеуметтік кодекс қабылдауы тиіс. Осы құжаттың аясында әлеуметтік саясатты пандемия және оған дейін қордаланған мәселелерді шешуге бейімдейміз. Саяси кодекс қоғаммен арадағы келісімнің негізі болуы шарт. Әсіресе жұмыссыздық мәселесіне мән беруіміз керек. Жоғарғы оқу орыны мен колледж түлектері бірден тұрақты жұмысқа орналаса алмайды. Біз мұны жақсы білеміз. Олар әр жерде жүріп, уақытша жұмыс істейді. Осының кесірінен заң бұзушылыққа баруы мүмкін. Үкіметке жастар практикасы жобасының уақытын мүмкіндігінше ұзартып, жалақысын көтеру мәселесін қарауды тапсырамын. Жастар және қоғамның әлжуаз топтарының іскерлік бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек. Осыған қатысты Үкіметке Грант көлемін екі есе, яғни 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеруді тапсырамын.

БЕДЕЛДІ БЕС УНИВЕРСИТЕТТІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛАДЫ  

Сапалы қоғам қалыптастыру үшін саналы адам керек. Ал саналы адам  сапалы білім алу арқылы қалыптасады. Сондықтан оқу-білім бәріне бірдей қолжетімді болуы тиіс. Сол үшін білікті ұстазға жағдай жасалып, мұғалім жетіспейтін өңірлерге бару ұсынылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім мектептің жүрегі. Сондықтан арнайы қолдау пакетін әзірлеп, мұғалім жетіспейтін өңірлерге үздік педагогтарды тартатын арнайы бағдарлама жасауды ұсынамын. Жоғарғы оқудың қолжетімділігі де өзекті мәселенің бірі болып тұр. Елде халық тығыз орналасқан өңір жастарына мақсатты гранттар бөлу мәселесін қарастыру керек. Жаңа экономиканы жасау үшін жоғары оқу орындары бәсекеге қабілетті болуы шарт. 

Осы мақсатта Президент 2025 жылға дейін Қазақстанда әлемдік беделі бар бес университеттің бөлімшесін ашу қажеттігін айтты. Оның екеуі батыс өңірде техникалық бағытта болуы шарт деді. Қазір гуманитарлық мамандық емес, техникалық салада сұраныс жоғары. Сондықтан инженерлер мен өнеркәсіп өкілдерінің жаңа буынын даярлау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоғары білімнің қолжетімділігі де көкейкесті мәселе болып қалуда. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Жуықта Қазақстанда жетекші шетелдік жоғару оқу орындарының филиалдары ашу басталды.

Қ. ТОҚАЕВ: АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНА ЖҮЙЕЛІ ӨЗГЕРІС КЕРЕК

Ауылшаруашылық саласына да жүйелі өзгеріс керек. Былтыр қамбаға түскен астық көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 миллион тоннаға кем болды. Биыл да жағдай күрделі. Қуаңшылық шаруаларды шығынға батырып жатыр. Қиын жағдайға тап болғандарға қолдауды беру жүйесі былыққа әбден батқан. Президент бұл саланы назарда ұстайтынын еске салып, Үкіметке шаруаларды тұқым, жем-шөп, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселесін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Жуырда болған заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын.

Алдағы бір жылда жанар-жағармайды өндіру және оны бөліп тарату жүйесінде де ауқымды өзгеріс жасалады. Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігі, Энергетика министрлігімен бірлесіп реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеп жатыр. Егер бір жылда бұл жұмыстар нәтижесін бермесе, жанар-жағармай бағасын қолдан реттеу одан әрі сақталмақ.

Талғатбек Әбдіқожа