Өзбекстаннан келетін тауар тасымалы тоқтаған жоқ 

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Жібек жолы» және «Қапланбек» кеден бекеттері қалыпты жұмыс істеп тұр. Бірер күн бұрын қазақ-өзбек шекарасының мүлде жабылып, арадағы алыс-беріс, барыс-келістің тоқтағаны жайлы мәлімет тарады. Бірақ бұл ақпар кейін жалған болып шықты. 

Бұл қазақ-өзбек шекарасындағы ең ірі екі бекеттің бірі. Негізінен азаматтарды тексеріп, өткізуге арналған. Бұл жерде күні-түні адам аяғы арылмайды. Қоңсылас көршілердің арақатынасын шекарадағы осындай қалыпты қарбаластан да аңғара беруге болады. Бірақ таяуда кей ақпарат көздерінде бұл бекеттердің жабылғаны туралы жалған мәлімет тарады. Салдарынан арада алыс-беріс жасап жүрген кәсіпкерлер шығындары көбейе ме деп алаңдады. Өзбекстанда қазақстандық студенттер, саяхатшылар және транзиттік жолаушылар да бар. Олар елдегі бірқатар әуежай жұмысы тоқтағанда бекет арқылы Отанға оралуды ойлап, консулдық қызмет өкілдеріне хабарласқан.

Бақыт Нұрманбетова, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы елшілігінің консулы:

– Бүгінге күнде тағы Ыстамбұлдан, Дубайдан келіп жатқан Қазақстан азаматтары осы бақылау пунктінен өтіп жатыр. Қазақстандық студенттермен байланыстамыз. Тағы да Өзбекстан азаматтары бізбен хабарласып, Қазақстандағы балалары, туған-туыстарымен байланыстырып жатырмыз.

Екі ел арасында әзірге екі бақылау-өткізу бекеті жұмыс істеп тұр. Бірі «Жібек жолы» кеден пункті болса, екіншісі – тауар тасымалдауға арналған «Қапланбек» шекаралық бақылау орны. Қалғандары пандемия басталғалы бері жабық. Екі жерде де кейінгі күндері тек қадағалау күшейтіліп отыр. Жолаушылардың құжат, сөмкелері мұқият тексеріледі. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан мен Ташкент арасындағы әуе қатынасы шектелген жоқ.

Дархан Сатыбалды, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

– Екі елдің арасындағы тауар транзиті пандемия кезінен бері тоқтатылмады. Қазір де солай. Нық сеніммен айтуға болады. Тек тексеру шараларына байланысты шекарада сәл кідіріс туындауы мүмкін. Бірақ кептеліс жылдам жойылып жатыр. Тауар айналымына байланысты жағдай тұрақты десек болады.

Жалпы Өзбекстанның сыртқы сауда айналымында Қазақстан үздік үштікке енеді. Екі ел саяси әрі экономикалық тұрғыда маңызды серіктес. Біздің мемлекеттен мұнда негізінен шикізат өнімдері тасымалданады. Таяуда ет өнімдерінің экспорты да ұлғайғаны белгілі. Осы ретте қазақстандық дипломат жағдайдың қалыпты әрі бақылауда екенін жеткізді. Демек арадағы сауда-саттық бір сәтке де тоқтамауға тиіс. Ол үшін қолданыстағы бақылау-өткізу бекеттері қалыпты жұмысын жалғастыра береді.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатулегенов