Бизнесті қалыпқа келтіру үшін 1 жыл уақыт керек

Бизнес дегенде, кешегі бүлікте қираған кәсіпкерлік нысандары еске түседі. Дүкендердегі техника, азық-түлік, киім-кешек те қолды болған. Өткен тәулікте 11 өңірде 1615 бизнес субъектісі зардап шеккені анықталды. Жалпы шығын 100 миллиард теңгеден асты. Мамандар бизнесті қайта қалпына келтіру үшін 1 жыл уақыт керек дейді. 

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде кәсіпкерлік нысандар зардап шекті. Ұялы телефон дүкенінің иесі Айжан Тоқтарбаева бұзақылар тонап ғана қоймай, объектінің тас-талқанын шығарып, құжаттарына дейін алып кеткенін айтады. Шығын көлемі шамамен 14 миллион теңге. 

Айжан Тоқтарбекова, кәсіпкер:

- Қаншама құжатым жоғалды. Печать, кассовый аппарат, барлық заттар жоғалды. Сіздердің теледидарда көрсетілген номерге хабарлассақ, бізден документ требовать етіп жатыр. Біз оны қайдан тауып береміз? Сондықтан біздің жанайқайымызды естейтін құзырлы органдардан сұраймыз. Бір мобильді телефон қалмаған, одан бұрын витринамыз 8 млн.

Сауда үйі директорының айтуынша, қалалық әкімдік пен полиция басқармасы арнайы алгоритм жасаған. Яғни құзырлы орган тоналған нысандарда бейнетүсірілім жасап тіркейді. Содан соң жалға алушылардың мәлімдемесі негізінде тергеу тобының құрамына арыз жіберіледі. Бейнематериалдар аудандық ішкі істер бөліміне жолданады.

Сергей Иванов, сауда үйінің директоры:

- Сауда үйінің бейнебақылау камераларындағы файлдарды алып, құзырлы органға жібереміз. Одан кейін қылмыстық іс қозғалады. Құзырлы органдар бейнетүсірілім жүргізіліп, фиксация жасады. Енді біз талқандалған орынды жинап, қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Жалға алушылар да бұған қарсы емес, олар төтенше жағдай кезінде жалдау ақысын алмайды. Біз де 84 ірі жалға алушы мен қосалқы жалдаушы бар.

Өткен тәуліктегі дерек бойынша бизнеске келтірілген шығын 100 миллиард теңгеден асты. Оның басым бөлігі Алматыға тиесілі. Сауда-саттық саласында 1482, қоғамдық тамақтану саласында 44, логистикада 23, ал қаржы секторында 61 және бес ақпарат құралдарының нысаны қираған. Ал "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жедел желі орталығына 5 мыңға жуық қоңырау түскен.

Бизнеске келтірілген шығынға қатысты байланыс орталығына 4 833 қоңырау түсті. Оның ішінде

- тонау мәселелері - 1988

- форс-мажор туралы куәлік - 246

- блокбекеттерден өту - 2

- зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсету қоры бойынша - 17

- бизнесті қайта бастау және залалды бағалау - 271

- жеке тұлғалардан түскен қоңырау - 1946

Осы тұста елімізде лаңкестіктен зардап шеккен кәсіпкерлер үшін "Күшіміз бірлікте" атты қор ашылғанын айта кеткен жөн. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінен зардап шеккен нысанды суретке және бейнетаспаға түсіруді сұрайды. Сонымен қатар шығын көлемін алдын ала есептеу қажет.

Максим Барышев, Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы:

- Бизнесті қайта қалпына келтіру үшін 1 жыл уақыт керек. Өйткені шығын 100 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қомақты қаражат компанияның айналымынан ұрланған деген сөз. Компанияның айналымын да қалпына келтіру қажет. Бұдан бөлек нысандарды жөндеу де уақыт алады. Егер біз мейрамхананы немесе тамақтану орынын кішігірім жөндеу туралы айтатын болсақ, 2 аптадан 1 айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Біз қазір зардап шеккен бизнес өкілдеріне көмек көрсетемін деген ерікті кәсіпкерлерді тартып жатырыз. Оған қоса ірі банктермен де келіссөз жүргізуге тырысып жатырмыз.

Қордағы ақшаның түсуі және бөлінуі ашық болатынына кепілдік беріледі. Барлық қаржы операциялары цифрландырылады, дейді Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев.

Айта кетерлігі, 1432 жедел желісі арқылы барлық сұрақтарға жауап ала аласыз.