Маңғыстауда 17 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр

Маңғыстауда 17 мыңнан аса адам жұмыс іздеп жүр.

Ресми дерекке сүйенсек, облыста еңбекке қабілетті азаматтардың саны 352 мыңнан асады. Мәселені шешу үшін былтыр мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында 1 мыңнан астам адам кәсіптік білім алған. Тағы осынша азамат бизнес ашу дәрісін тегін оқып шықты. Жалпы 16 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасқан. Ал өңірдегі мұнай-газ саласында кадр жеткілікті. Сондықтан жұмыссыз жүрген мамандардың түйіндемелері сұраныс бар өңірлерге жолданып жатыр. 

Шыңғыс Дүйсенов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

 - Қазір өзге аймақтармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бірінші кезекте Атырау өңірін айтуға болады. Сол жақтағы мұнай өндіретін және сервистік қызмет көрсетуші кәсіпорынға барғысы келген мамандарды жіберіп жатырмыз. Азаматтардың жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға өз еркімен қоныс аударуы бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Соңғы 6 жылда 108 отбасы көшті. Бұл 366 адам.